Ректор химия факультетінде ашылатын зертханалардың дайындығын тексерді

28 мамыр, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев химия және химиялық технология факультетінде жаңадан ашылғалы жатқан «Farabi Chem Science» кластерінің  дайындығын тексеріп, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

 

Жаңа «Farabi» химиялық ғылыми кластеріне тоғыз зертхана кіреді. Атап айтқанда: Аналитикалық химия және қоршаған орта зертханасы, Электрохимиялық өндіріс технологиясы зертханасы, Мұнай-химия зертханасы, Химия-медициналық зертхана, Жұқа органикалық синтез зертханасы, Энергияны көп қажет ететін наноматериалдар зертханасы, Перспективалық материалдар мен технологиялар зертханасы, Жоғары дәлдіктегі материалдарды диагностикалау зертханасы және «Chemical Coatings Innovations» ғылыми-өндірістік орталығы.

Химия және химиялық технология факультетінің деканы Алина Галеева университет ректорына ғылыми зертханаларда орналасатын соңғы үлгідегі құрылғылар туралы ақпарат беріп, негізгі атқаратын міндеттеріне тоқталды.

Зертханалардың мақсаты – қоршаған ортаны ластаушы заттарды анықтап, талдау, химиялық ток көздеріне арналған жаңа материалдарды әзірлеу, мұнай химиясы саласында тереңдетілген зерттеулер жүргізу, отандық медициналық-биологиялық құралдар мен бактерияға қарсы қорғаныш жабындарын алудың оңтайлы әдістерін әзірлеу.

Жаңадан ашылатын ғылыми зертханалардың дайындығын пысықтаған ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Өндірістік қамтамасыз ету департаментіне жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ ғалымдарды алдағы уақытта қоршаған ортаға байланысты зерттеулерді тереңдетіп жүргізуге және ел экономикасы мен экологиясын дамытуға сүбелі үлес қосуға шақырды.

Сонымен қатар ректор химия және химиялық технология факультетінде безендірілген фойелерді аралап, студенттер үшін жасалған демалыс орындарын көрді. Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев барлық факультет декандарына білім алушы жастардың емін-еркін оқулары үшін және жайлылықтары үшін демалыс орындарының санын көбейтуді жүктеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі