Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңесі отырысында университет 230-орыннан 163-орынға көтерілген QS WUR 2025 халықаралық рейтингі және 2023/24 оқу жылының көктемгі семестрі емтихан сессиясының қорытындылары талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ұжымды университеттің QS World University Rankings рейтингінде 230-орыннан 163-орынға көтерілген серпіліспен құттықтады. Мұндай нәтиже университеттің оқытушы-профессорлық құрамы, ғалымдары мен қызметкерлерінің бірігіп атқарған жұмысының арқасында мүмкін болды. «Үш индикатордың қосылуын ескере отырып, ҚазҰУ Қазақстандағы әлемнің ең үздік 200 ЖОО легіне енген жалғыз университет болды. Енді позицияларды нығайту міндеті тұр. Осы мақсатта департаменттер жоспарлау, іс-шараларды ұйымдастыру, индикаторларды толтыру бойынша қарқынды жұмыс істеуі керек. Бұл өте маңызды жұмыс, оны үнемі бақылауда ұстау қажет», – деп атап өтті университет басшысы.
Университеттің құрылымдық бөлімшелерін қайта ұйымдастыру мәселелеріне операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов тоқталды. Ол Ғылыми кеңестің қарауына колледж және мектептің дербес бөлімшелері ретінде жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінен бөлу, сондай-ақ медицина және ақпараттық технологиялар факультеттері құрылымдарын оңтайландыру, сондай-ақ жаңа кафедралардың ашылуы туралы, атап айтқанда киберқауіпсіздік және криптология кафедраларын құру туралы мәселе көтерді.
2023/24 оқу жылының көктемгі семестрі емтихан сессиясының қорытындысы туралы Академиялық мәселелер департаментінің директоры Бақыт Рахымбекова баяндады. «Емтихан сессиясы университеттегі оқу процесінің маңызды компоненттерінің бірі және студенттердің білім деңгейі мен дағдыларын тексерудің ғана емес, сонымен бірге оқыту әдістерінің тиімділігін анықтаудың және білім беру бағдарламаларының сапасын бағалаудың негізгі құралы саналады», – деп атап өтті спикер баяндамасында. Емтихан сессиясына дайындық жұмыстары туралы айта келе, Бақыт Қуанышбекқызы абсолютті үлгерімі бойынша филология, халықаралық қатынастар, медицина және денсаулық сақтау, философия және саясаттану факультеттері көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өтті.
Бұдан әрі QS WUR 2025 халықаралық рейтингінің қорытындыларын талдауға арналған презентацияны Стратегиялық даму орталығының директоры Нұрболат Құдайбергенов ұсынды. QS World University Rankings әлемдік рейтингіне 106 елден 5663 университет қатысты. Қазақстан QS WUR 2025-те 21 ЖОО-ны ұсынды.
Рейтинг индикаторлары бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың балл саны: оқытушы-профессорлардың студенттерге қатынасы – 99,3; жұмыс берушілер арасындағы бедел – 79,6; халықаралық ғылыми ынтымақтастық – 64,7; түлектердің жетістіктері – 59,6; академиялық бедел – 54,2; шетелдік оқытушылар – 49, тұрақтылық – 29,8 және т.б.
Отырыс соңында университет қызметінің өзекті мәселелері талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі