Ғылым мен білімнің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойы аясында «Педагогика және білім беру менеджменті» кафедрасының ұйымдастыруымен 12 маусымда «Қазақстандағы ағарту жүйесі: тарихы мен дамуы» атты кеңейтілген дөңгелек үстел өткізілді.

15 маусым, 2024

Қазақ жерінде орта ғасырлардан бастап білім беру жүйесінің негізі қаланды. VIII-Х ғасырларда елімізде діни медреселер, мұсылманша оқу орындары жұмыс істей бастаған. Негізі орта ғасырларда қалыптасқан білім жүйесі өткен ғасырдың бас кезіне дейін өзінің құндылығын жоймай, қазақ сахарасында даму деңгейін қалыптастырып, біліммен сусындатып келген.ХХ ғасырда Кеңес үкіметінің орнауымен елімізде зайырлы білім беру жүйесі қалыптасып, ұзақ даму жолынан өтті. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия жәнесаясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының кандидаты,қауымдастырылған профессор Мейірбаев Бекжан Берікбайұлы дөңгелек үстел тақырыбының ерекшеліктеріне тоқтала келе, жер бетіндегі әрбір ұлт пен ұлыстың, мемлекеттің іргетасы, ұстанымы, бағыты ағарту жүйесімен тікелей байланысты екендігін атап көрсетті.

Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Әлқожаева Нұрсұлу Сейткерімқызы оқу-ағарту жүйесінің құндылық ретіндегі ерекшеліктеріне тоқтала келе, осы салаға үлес қосқан отандық педагогтардың қызметіне бағасын берді.

Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Байдалиев Дархан Дәулетжанұлы өз баяндамасында қазақ даласындағы медреселер мен ондағы білім беру сатылары, зайырлы білім беру жүйесінің қалыптасуына талдаулар жасады.

Педагогика ғылымдарының кандидаты Әрінова Бақыт Айтуқызы өз сөзінде қазақ халқының сан ғасырлық тарихында білімі мен ғылымы, мәдениеті мен өнері, салт-дәстүрі мен дүниетанымы өзіндік өшпес із қалдырғандығын нақты деректер арқылы тұжырымдап берді. 

Дөңгелек үстелге қатысушы студенттер мен магистранттар, докторанттар тақырып аясында өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.

 

 

Автор: Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к. Байдалиев Дархан Дәулетжанұлы