СТУДЕНТТЕР ӨНДІРІСТІК ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТУДЕ

25 маусым, 2024

«Геодезия және картография», «Кадастр» мамандықтарының студенттері Ғарыштық технологиялар және Жерді қашықтан зондтау орталығында тәжірибеден өтуде. Бұл тәжірибе тек геоақпараттық жүйелер мен картография саласындағы білімін тереңдетуге ғана емес, сонымен қатар тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге өз үлесін қосуға бірегей мүмкіндік береді.

Орталықта олар түрлі ғарыштық аппараттардан алынған деректерді өңдеу арқылы Жер бетінің жағдайы туралы ақпарат алады. Бұл деректер табиғи ресурстарды бақылау, климаттың өзгеруін қадағалау және табиғи апаттарды болжау үшін пайдаланылады. Мысалы, жердің деградацияға ұшырауы мен шөлейттену процестеріне бақылау жүргізу құрлық экожүйелерін сақтау мен тағам қауіпсіздігін қалыптастыруға көмектеседі (ТДМ 15 – Құрлық экожүйелерін сақтау).

Сонымен қатар орталықта су ресурстарын басқаруды жақсартуға бағытталған зерттеулер жүргізіледі. Қашықтан зондтау арқылы суқоймалар деңгейін бақылауға, су тасқынын болжауға және ластануды анықтауға болады. Бұл тікелей ТДМ 6 – Таза су және санитариямен байланысты.

Ғарыштық технологиялар және Жерді қашықтан зондтау орталығында жұмыс істеудің артықшылықтарына озық технологиялар мен деректерді өңдеу әдістемелеріне қол жеткізуге, тәжірибелі мамандармен өзара іс-қимыл және алған білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Орталық халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Бұл ғылыми зерттеулер мен инновациялардың алдыңғы қатарында болуға мүмкіндік береді.

Өндірістік тәжірибе жетекшісі – Ғарыштық технологиялар және Жерді қашықтан зондтау орталығының бас маманы Назым Жеңісова.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі