Тяньцзинь университетімен ынтымақтастық жанданады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Тяньцзинь университетінің президенті Цзинь Дункан бастаған делегациямен кездесу өткізді.
Жүздесуде тараптар қос университет арасында жасалған серіктестікті одан әрі жандандыру және тереңдету мәселелерін талқылады.
Шетелдік делегация құрамында интеллект және есептеу колледжінің деканы Ли Кэцю, азаматтық құрылыс факультетінің деканы Ши Яньчао, халықаралық білім факультетінің деканы Ли Цян, Халықаралық ынтымақтастық кеңсесінің директоры Чжан Лин, шет тілдері факультетінің оқытушысы Ли Аньци бар.
Құрметті қонақтарды қарсы алып, ҚазҰУ ректоры жоғары оқу орны туралы толық ақпарат берді. Сондай-ақ Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ мен Тяньцзинь университетін көпжылдық ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті.
«Қазақстан мен Қытай жақын көрші және сенімді серіктес. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас өте жоғары деңгейде дамып келеді. Бұған мемлекет басшыларының ресми сапарлары, ортақ іс-шаралар өткізулері, бірлескен форумдар мен конференцияларға қатысуы дәлел. Бүгінгі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытайдан келген 970 студент оқиды. Біздің ЖОО базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы табысты жұмыс істейді. ҚазҰУ мен СБПУ микроспутниктік ғылыми зерттеулер жүргізу туралы келісімге қол қойды. ҚазҰУ мен Тяньцзинь университеті арасындағы ынтымақтастық бес жыл бұрын жасалған. Енді біз қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдетуге ниеттіміз», – деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Тяньцзинь университетінің президенті Цзинь Дункан Қазақстанның жетекші университетімен ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән беретінін және екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуды қолдайтынын жеткізді.
«Тяньцзинь университеті 1895 жылы құрылды. Қытайдың жаңа тарихындағы алғашқы мемлекеттік университет болып саналады. Қазіргі таңда оқу ордасында 42 мың студент оқиды, 5 мың оқытушы жұмыс істейді. Жоғары білім мен ғылымды дамыту бойынша көп жұмыстар атқарудамыз. Осы тұрғыда академиялық ұтқырлық бойынша студенттер мен оқытушылар алмасуға үлкен көңіл бөлеміз. Қос университет үшін серіктестікті дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Біздің жоғары оқу орнымызда сәулет, теңізді зерттеу, медицина және басқа да бағыттар дамыған», – деді Цзинь Дункан.
Кездесу соңында тараптар келіссөз барысында қол жеткізілген бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі