Жаңа оқу жылының жоспары талқыланды

6 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңесінде өткен оқу жылының қорытындылары, университеттік ғылымды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған жаңа жоспарлары мен тұжырымдамасы талқыланды.

2023-2024 оқу жылының қорытындылары туралы Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов баяндап, атқарылған жұмыстың нәтижелерін, жаңа 2024/25 оқу жылына арналған жұмыс жоспары мен басым бағыттарын ұсынды.

Өткен жылы ҚазҰУ-да 539 білім беру бағдарламасы (ББ) іске асырылды, биыл олардың саны 548-ге дейін өсті. Білім беру бағдарламаларының 65 пайызы жоғары оқу орнынан кейінгі деңгейге арналған, бұл зерттеу университетінің стратегиясына сәйкес келеді. Қазіргі уақытта 507 ББ жаңартылды, оның ішінде бакалавриат – 132, магистратра – 236, резидентура – 5, докторантура – 134. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне 80 жаңа ББ енгізілді. Спикер сондай-ақ білім беру процесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі жұмыстарды атап өтті. Жасанды интеллектіні пайдалану ережелері білім беру процесін реттейтін барлық құжаттарда (академиялық саясат, қорытынды бақылау ережелері және т.б.) көрсетілген. «Ағымдағы оқу жылында біздің алдымызда онлайн-оқытуға лицензия алу міндеті тұр, онлайн-оқыту нысанында ББ іске асыру бойынша жол картасы әзірленді», – деп атап өтті проректор.

Баяндамада сондай-ақ білім беру процесін цифрландыруды дамыту бойынша жоспарлар ұсынылды: ресми және бейресми білім беруді, кәсіптік біліктілікті тануды, интерактивті силабусты енгізуді, сондай-ақ онлайн-оқытуға іріктелетін білім беру бағдарламалары бойынша Халықаралық онлайн курстары (ХОК) әзірленуде және ЖОО өміріндегі маңызды оқиға – Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында ҚазҰУ филиалын құру және оның жұмыс істеуі туралы келісімге қол қою. Филиал жұмысының басталуы 2025 жылдың қыркүйегіне жоспарланған.

Университетте жаңа «Криптология» мамандығы ашылды. Академиялық жетістіктерден Алтай Ғабдрахманұлы ҚазҰУ-дың 112 білім алушысы Президенттік стипендия алатынын ерекше атап өтті.

Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова университеттің ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері туралы хабардар етті. ҚазҰУ ғалымдары 400 ғылыми-зерттеу жобасын орындауда (2022-2026 жж.). Қаржыландырудың жалпы көлемі 34 млрд теңгеден асты. Бұл Қазақстан бойынша үлкен жетістік. Академик М.Бүркітбаев коммерцияландыру бойынша байқауда 200 млн теңге ұтып алды. Тұсаукесерде сондай-ақ озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар, энергия, озық материалдар мен көлік, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы және т.б. қамтитын ғылыми жобалардың бағыттары ұсынылды. Спикер ғылыми кадрларды даярлау және аттестаттау мәселелерін және ғылыми-зерттеу қызметі саласындағы түрлі жаңалықтарды, мысалы: ҚР ҒжЖБМ тапсырмасына сәйкес, зертханаларды цифрландыру (E-Labs) және мақсатты қаржыландыру бағдарламасы шеңберіндегі ғылыми-техникалық тапсырманың жаңа нысанын атап өтті.

Әлеуметтік-тәрбие жұмысының қорытындысы және білім алушыларды жатақханалармен қамтамасыз ету туралы Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Сәбит Суатай баяндама жасады. Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры Марғұлан Ибраимов «Ғылымды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын» ұсынды.     Басқарма төрағасы орынбасарының м.а. – бірінші проректор Еркін Дүйсенов «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КеАҚ-тың 2024/25 оқу жылына арналған кешенді жұмыс жоспарын таныстырды.

Баяндамаларды талқылағаннан кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ұжымды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. «Ғылым – еліміздің жетекші жоғары оқу орнының қызметіндегі басымдық. Іске асырылып жатқан ғылыми жобалардың нәтижесі мен олардың қоғамда қандай мәселелерді шешуге көмектесетіні басты көрсеткіш болуы тиіс. Жас ғалымдар үлкен әлеуетке ие және олар жобаларға белсенді қатысуы керек. Біз ғылымда көшбасшылыққа ұмтылуымыз керек», – деп атап өтті университет басшысы. ­

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі