Асқақ даңқын сақтай білген университетім

23 қыркүйек, 2024

Өтеғали ШЕДЕНОВ, академик, экономика ғылымының докторы

Япырай, Қазақ елінің тұңғыш университеті – Әл-Фа­ра­би атындағы ҚазҰУ білім мен ғылым ордасының құ­рыл­ғанына да 90 жыл толып қалыпты. Ал мен осы университеттің түлегімін әрі оқу ордасынан бес-ақ жас кіші екенмін. Алла берген өмірдің арқасында Ота­ны­мыз­дың болашағына даярлайтын кадрлардың ірі ұс­та­ха­насына айналған қара шаңырақта менің де ғибратты ғұ­мырым жалғасып келеді. 

Ұлы Отан соғысы қарса­ңын­да дүние есігін ашып, күллі адамзат баласы тартқан ауыр қа­сірет-нәубеттен шет қал­ма­ған біз, сол кез­дегі жаутаңкөз жас­тар, жамау көңілді ұрпақ, қалай дегенде де, өмірге аса құштар болып өскен едік. Со­дан да шығар, өнерімізді асыр­сақ, білімімізді толықтырсақ деп ұмтылдық. Қиын тірлікке өң беруге, шырай енгізуге тал­пын­дық. Қолымыздан кел­генше халыққа пайда келтіруге, қайыр жасауға тырыстық және бұл сол кездегі барлық жасқа бірдей тән талпыныс еді.

Адам атаулының бір-біріне қызмет жасауы негізінде қо­ғам­­ның рухани және мате­риал­дық байлық-дәулеті қа­лып­тасады деп ұқтық. Әр адам «әлеуметтік ортаға, Отанға мен де керекпін, менің де қажыр-қайратыма мұқтаж­дық бар» деп ойлап, сол сенімнен өмірдің мәні табылатынын түсіндік.

Мәнсіз тірлік кешу бақыт­сыз­дық қой. Үнемі жігерді жану және намысты шыңдау күрес­керлік рухты кемелдендіреді екен де, көп жағдайда өткен өмірдің өкінішсіз болуы осы­ған байланысты екенін ұқтық.

...Азғыр ауыл мектебінде оқып жүргенде, бозбала дәу­рен­де «жоғары оқу орнына бар­­сақ, білімге қанықсақ» де­ген ғана арман-мақ­сат тұрды. Мектептегі ұстаздарымыз ұла­ғат жолын көрсетті. Сенімімізді нықтап, ғылым көк­жиегін нұс­қады. Олардың қамқорлығы арқа­сында өзімізді тереңдей танып, биіктерге қаймықпай ұмтылдық. Өте жақсы оқыдық, тәрбиелі болдық. Сол кезде жо­ғары сыныпта оқу-тәрбие ко­митетінің мүшесі және ком­сомол ұйымының хатшысы бол­дым. «Әлім келе ме, шамам жете ме?» деген балалық қор­қы­ныш біртіндеп сейілді. Со­дан болар, бір жәшік кітабымды арқалап, Батыс Қазақстаннан Алматы қаласына төрт мың шақырым жерден он екі күнде бірнеше пойызға ауысып, әрең жеттік. Ойымыз – қазақша оқу. Ал бұл жердегі жоғары оқу орындарының барлығы са­бақ­ты орыс тілінде оқытады екен. Біздің тұрған жеріміз Ресеймен шекаралас (Мәскеу, Ленин­град, Қазан, Астрахан, Саратов және т.б.). Мектеп бітірген достарымыз сол жаққа барып білім алады, әлі де солай.

Білім іздеп аңсап келген Ал­маты бізге бір­ден ұнады. Ауасы таза, көлік дегенің жоқтың қа­сы. Өсіп тұрған ағаш-дарақ, кө­леңкелі кө­ше­лер, төменге аққан таудың мөлдір суы... бәрі тамаша еді. Сол кездегі апорт алмасының салмағы 300 грам­ға дейін баратын, дәмі қандай тәтті десеңізші. Өткен ғасыр­дың елуінші жылдарының ба­сын­да Алматы халқы 266 мың болды, қаланың тау жағы қазіргі Құрманғазы (бұрынғы Артельерская), ал батыс жағы Байтұрсынов көшесі (Ұйғыр), тө­менгі жағы қазіргі Мақатаев (Пастер), шығыс жағы Татар­ская аумағына жалғасып көм­ке­­рі­летін. Осы күні Алматыда 2 млн халық бар, қа­зақ­тардың саны 70 пайызға жетті, бұрын сту­денттер қауымын қосқанда 10-ақ пайыз болатын. Осы ару қаланың қақ төрінде мен оқы­ған және жұмыс істеп жүрген, асыл да сүйікті білім мен ғылым ордасы – қазыналы қара ша­ңы­рақ университетім тұр. 1956 жылы осы университетте сту­дент­тік өмірім бастал­ған­нан күні бүгінге дейінгі тіршілігім оқу орда­сымен бірге жасап ке­ле жатыр. Дана хал­қы­мыз «Уайым – ер қорғаны» дейді. Осы қа­сиет­ті оқу ордасында ал­ған білімімді қайт­сем де іске асыру, қоғамға пайда келтіру деген әу бастағы арманымнан бір тайғаным жоқ. Абай атамыз «Жасымда ғылым бар деп ес­кер­медім, пайдасын көре тұра тексермедім» деп өкініш біл­дірсе, бұл, сірә, Алла дарытқан ерекше дарын-қабілетін ерте танып, ел игілігіне сарқа пай­да­лана алмағанына ашын­ған­нан кейінгі ұрпаққа айтылған өсиеті болар.

Сонымен 1956 жылы С.Ки­ров атындағы Қазақ мем­ле­кеттік университетінің сол кез­дегі экономика факультетіне оқуға түстім. Осы факультеттің ашылғанына да 75 жыл толды. Сол жылдары Қазақ мемле­кет­тік универ­си­те­тінің даңқы ас­қақ­тап тұрған кез еді. Қа­зақ­стан­ның әр шалғайынан жиыл­­­ған өндірдей ұл-қыз­дармен тез тіл табысып, дос­тасып, білім дариясына 120 адам (қазақша мектеп бітір­гендер 30 ғана) қатар құлаш сермедік. Ұлықтан жоғары ба­ға­лайтын ұстаздарымызға де­ген құрмет, ілтипатымыз тіптен ерек-тін. Олардың жүріс-тұ­ры­сы, қабақ қағысы, жы­миысы, тіпті ишарат-емеурініне дейін астарлы сыр бүгіп тұр­ғандай таң­дана көз са­ла­тынбыз. До­цент­тер мен док­тор­лардың, про­­фессор-академиктердің кә­дімгі жұмыр басты пенде еке­ніне онша сене қой­май­тын­быз. Олар бізге аспаннан түс­кен елшілердей тым асқақ, түу алыс көрінетін. Періштедей пәк көңілдің тұны­ғы лайланбаған балауса кезді, бал дәуренді еске алғанда еріксіз ойлан­ды­рар бір жайт – осы күнгі жастар бойында біз кешкен теңіз-се­зім, біз аңсаған арман-ма­хаб­бат бар ма, жоқ па?

Осыншама жыл ішінде уни­вер­ситеттің он шақты басшы­сы­ның қызметін көз көрді. Мә­се­лен, И.Лукьянец, Т.Тәжібаев, А.Закарин, Ө.Жолдасбеков, Ғ.Мұ­танов, Б.Жұмағұлов, Ж.Түй­­мебаев сынды білікті рек­тор­ларды қалай мақтап, ме­рейін асырсаңыз да жара­сым­ды. Осы тұста өзімнің сту­денттік кезімдегі бір басшыны еске алғым келеді. Ол – уни­вер­­ситет ректоры, академик-био­лог, профессор Т.Дарх­ан­баев. Ол өзі Қостанай жерінде, ауылда өскен адам. Про­фес­сордың ішкі мә­де­­­ниеті, кісілік келбеті тәнті ететін. Алдына бар­­ған әр студентті кіші­пейіл­дікпен қарсы алып, жоғын тү­ген­деп, барынша жағдайын жа­­сап, риза қылып, жолға са­лып жіберетін. Ұстаздар мен шә­кірттер қамы үшін жарғақ құлағы жас­тыққа тимей, үнемі шаруа үстінде жүретін ол кісілер қара бастың қамын күйт­теу­ге уақыт таппас та еді. Ол кездегі қоғамның қатал талабы да сондай болатын. Өзінен бас­қа­лардың, қа­уым­ның, ұжымның алдында жа­уап­сыз, еш­кімге есеп бермейтін, сайып келгенде, еш­қан­­дай жауапқа тартылмайтын бү­гін­гі кейбір бас­шылардың тірлігінен жеріп, түңілген сәтте ел мүд­де­сінің жолында өмірін сарп еткен қай­ран ағалар мен апа­лар­ды еске аларың бар-ау.

Бізге дәріс оқып, тәлім үй­реткен тамаша адамдар, эко­но­мист-профессорлар – И.Бро­вер, С.Нейштадт, М.Ро­манов, И.Лукьянец, А.Гра­ходовций, Т.Шау­кенбаев, Ф.Жеребятьев, М.Бутин, С.Баншев, Г.Пос­тен­ко, С.Гол­ден­герш және т.б. ғалымдарды құрметпен еске түсіремін. Факультет декан­да­ры Ф.Жере­бятьев, Ш.Надыров, Т.Шәукенбаев және бас­қалар туралы білікті басшылығы, ұйымдас­ты­рушылық қабілеті, адами болмыс-бітімі жа­йында тек жағымды пікір, жақсы ле­пес қана айтуға болады. «Ұс­таз­дық еткен жалық­пас, үй­ретуден балаға» деп ұлы Абай айтқан­дай, шәкірт біткенді білімнің қайнар бұлағына қан­дыр­ған мәртебелі ұстаздар ал­дында мәң­гі­лік қарыз­дар­мыз. Сондай елеулі, еңселі тұл­­ға­лар еңбек еткен уни­вер­ситетіміздің игі дәс­түрі үзіл­мей, күні бүгінге дейін тек таң­дау­­­лы­лар ғана дәріс оқып кел­геніне көңіл тоғайып, мар­қая­­ды екен­сің.

1961 жылы экономика фа­культетінде староста, комсо­мол комитетінің белсенді мү­ше­сі және оқуды өте жақсыға оқығаным үшін университет кеңесінің шешімімен бітірген бойда жалғыз өзімді Г.Пле­хан­ов атындағы Халық шаруа­шы­лық институтына аспи­ран­ту­раға оқу­ға жіберді. Бұл туған ұямыздай ыстық көретін қа­сиет­ті шаңырақтың маған жа­саған тағы бір жақсылығы еді. Қазақстан намысын ту көтере ұстап, алыс қалаларға білім сапарына аттанған жүздеген қа­тарлас-заман­дас­та­рымыз сияқ­ты мен де қазақ ұлтына шіркеу түсір­мей, көр­ген­дігімізбен танылып, Мәс­кеу­дегі оқуымды үздік тамамдадым. Ғылыми ең­бегімді уақытында жазып, сәтті қорғап, белгілі ғы­лым дәрежесін алып қайттым. Инс­титуттың оқытушы-про­фес­сорларына арналған ғы­лы­ми-теориялық, әдістемелік се­минарға старос­та бола жү­ріп, осы семинардың ғұлама ғы­лы­ми жетекшісі, ака­де­мик М.В.Бре­ев­тен мол та­ғылым-тәрбие түйдім.

Мәскеудегі оқуды аяқта­ған­нан кейін еңбек жолымды 1965 жылы (бұрынғы ҚазМУ-дың экономика факультеті негізінде 1963 жылы құрылған) Алматы халық шаруашылық инсти­ту­тын­да бастадым. Ол да елу жылдай жұмыс істеп жабылды. Содан біздің университетте он бес жылдай экономикалық фа­культет болмады. Кейін фи­ло­софия және экономика фа­куль­теті болып құрылып, одан әрі қайтадан экономика фа­куль­тетіне ауысты. Қазір Эко­но­мика және бизнес жоғары мектебі деп аталады. Жүрген жерімде қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араластым. Сірә, осындай жақсы қыр­ла­рым­мен көзге түскен болуым керек, бір жылдан соң Алматы қалалық және облыстық пар­тия комитеті жанынан құрылып жатқан Жоғары экономикалық мектепке шақырды. Бұл 1966 жыл еді. Әуелі екі жылдай мек­тептің деканы, кейін 1978 жыл­ға дейін ректор міндетіне та­ғайындалдым. Оны да абы­­роймен атқардым деген ой­дамын.

Содан кейін ғылым мен бі­лім­нің киелі отауында – Қазақ ССР Ғылым академиясы жү­йе­­сінде өндіргіш күштерді зерт­теу бойынша кеңес төраға­сы­ның бірінші орынбасары, әлеу­­меттік-экономикалық мә­се­лелер бөлімі­нің меңгерушісі болып қызмет істеген кезімде де кадр-мамандарды даяр­лау­ға, экономика ғылымының өр­кен­деуіне айтарлықтай үлес қос­қанымды мақтаныш се­зі­мімен айта аламын. Мысалы, қы­рықтан астам ғылым кан­ди­датын, жеті докторды даяр­ла­дым. Жалпы, ғылыми-педаго­ги­­калық жұмыс өтілім 60 жыл­дан асты. 500-ден астам ғы­лыми жұмыс жа­рия­ладым. Оның ішінде 70-тен аса мо­но­графия, кітап пен оқулық, оқу құралдарын же­ке-дара да, әріптестеріммен бірігіп те шы­ғардым. Бұл еңбектер саяси экономия, жал­пы эконо­ми­ка­лық теория, макро­экономика, микроэкономика, теориялық экономика, экономика ілімде­рі­нің тарихы және т.б. тақы­рып­тарға арналды. Осы еңбек­тер­де елі­міз­дің әлеу­меттік және жалпы экономикалық да­муы­ның теория­лық және прак­ти­ка­лық мә­се­лелері зерттелген. Оларды қазір білім алушы бакалавр, магистрант, докто­рант­тардан бастап, ЖОО оқы­ту­­шы­лары мен мемлекеттік қызмет­кер­лер де қолдануда.

Көп жылдар бойы уни­вер­си­теттің Саяси экономия, Эко­номика теориясы кафедра­ла­рының меңгерушісі болдым. Қазір профес­сор­лық қызмет­пен айналысудамын. Атына лайық асқақ даңқын сақтай білген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың зор мәртебесі үшін қажымай-талмай қызмет етіп келемін. Бұл мен үшін мерейлі мәртебе. Әділетті Қазақстан елінің туын көтерген уни­вер­си­тетіміздің табысы мен жетістігі аз емес. Әлеуметтік-эко­но­микалық мәселелердің оң шешімін табуымен мәде­ние­тіміз көркейіп, оқу-білім саласы да тың серпін ала түсуде. Бір кездері Ахмет Байтұрсынов былай деген: «Біздің за­ма­нымыз – өткен заманның ба­ласы, келер заманның – ата­сы». Осы ұлы қасиетті сөзден жас ұрпақтың бақытты, ба­қуат­ты болашағына деген сенім ор­нығып, ол сенім нығайған сайын алдыңғы буын өкілдері ретінде біздің де көңіліміз шуаққа бөленсе дегім келеді.