ҚЫТАЙТАНУ КАФЕДРАСЫНДА КОЛЛАБОРАТИВ ПЕДТЕХНОЛОГИЯЛАР НЕГІЗІНДЕ АШЫҚ САБАҚ ӨТКІЗІЛДІ

1 қазан, 2024

2024 жылғы 1 қазанында қытайтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ф.Н. Дәулет «Аударма ісі» мамандығы бойынша оқып жатқан 2 курс магистранттары Ван Лиңлиң, Б. Дәңкей және А. Сәденовамен бірлесіп қазіргі таңда оқу-ағарту жүйесінде өзекті болып келе жатқан инновациялық педтехнологияларды қолдана отырып  отырып, бірлескен сабақ өткізді. Оқытудың коллаборатив (бірлескен) әдісі білім беру процесінің қатысушы тараптар арасындағы адамгершілік, ынтымақтастық және серіктестік қатынастарына негізделген «оқытушы – білім алушы», кейде «оқытушы – білім алушы – жұмыс беруші» моделі бойынша тең құқылы тандемде білім беру және тәрбие міндеттерін шешуді көздейді. Оқу процесін  бірлесе отырып ұйымдастыру -  қазіргі заман талабына сай дербес тұлғаны тәрбиелеуде теңдесі жоқ маңызды әдіс болып табылады. Аталмыш әдістің төмендегідей ерекшеліктері бар:

-  оқу процесіне қатысушы тараптардың тең дәрежеде болуы сабақтың мақсатына қиындықсыз жетуге көмектеседі;

- топтық жұмыс студенттерге бірлесе отырып жаңа қиындықтарға төтеп беруге көмектеседі;

- бір топтағы білім алушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ мүдделері бірдей достар табуға көмектеседі;

- түрлі лингвомәдениет ортасынан келген білім алушыларға бір-бірімен жақынырақ танысуға, бір-бірінің өмір салтымен, мәдениетімен хабардар болуға және олармен бір командада жұмыс істеуге машықтандырады;

 - бір топ мүшелері арасындағы жұмыс міндеттерін олардың тәжірибесіне, сараптамасына және мүдделеріне сәйкес бөлу кез-келген білім беру процесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын әлеуметтік жауапкершілікті арттырады.

   Оқытушы мен аталмыш магистранттар 2023-2024 оқу жылынан бастап төл университетіміз аясында, сондай-ақ Халықаралық Бизнес Академиясында, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-де,  «Мирас» халықаралық мектебінде барлық саны 50-ден астам ғылыми,  имидждік және кәсіптік бағдарлау семинарларын өткізді. Осы іс-шаралардың маңызды нәтижелерінің бірі деп жаңа оқу жылында кафедраға қабылданған студенттер санының   бұрынғы жылдардан әлдеқайда жоғары болуын айтуға болады.

 Дәулет Ф.Н.