ҚазҰУ ректоры Түркі мемлекеттілігі тарихының II конгресіне қатысты

4 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Түркі мемлекеттілігі тарихының II конгресіне қатысты.

 

Ауқымды іс-шараға Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Түрік тарих қоғамының президенті Юксел Өзген, Түркі мемлекеттері ұйымының Мажарстандағы атқарушы директоры Иштван Вашари, Моңғолия Ғылым академиясының вице-президенті Цэгмид Цэрэндорж, ҚР ҒЖБМ ҒК Жошы ұлысын ғылыми-зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитов, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Болгария және т.б. мемлекеттерден келген түркітанушы ғалымдар жиналды.

«Шыңғыс әулеті түркі халықтарының мемлекеттілігі» тақырыбындағы конгресс Жошы ұлысының 800 жылдығы мен оның мұрасын зерттеуге  арналды.

Іс-шараның ашылуында Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев сөз сөйледі. Ол форумның мақсаты – түркі мемлекеттерінің тарихы бойынша зерттеулерді жандандыру және тереңдету, сондай-ақ аталған саладағы ғылыми ынтымақтастықты ілгерілету екенін атап өтті.

Өз сөзінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев қазақ мемлекеттілігі тарихының бастауына тоқталып, Жошы хан мен Жошы ұлысы қазақ халқының тарихында ерекше рөл атқаратынын баса айтты.

«XV-XIX ғасырлардағы қазақ хандары мен сұлтандары Жошы ханның тікелей ұрпақтары болып келеді. Керей мен Жәнібек хандардан бастап, Кенесары ханға дейінгі Ұлы дала аумағындағы саяси тұлғалардың бәрі Жошы ханның ұрпақтары. Біздің ортақ тарихымызды зерттеуге арналған осындай іс-шаралар түркі елдерінің бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Осы бағыттағы жүргізілетін болашақтағы зерттеулер мен ізденістер Жошы ханның тұлғалық болмысын одан әрі нақтылай түспек. Тақырыптық сессияларда жан-жақты талқылаулар, пікір алмасулар өтіп, маңызды шешімдер қабылданатынына сенімдімін», – деді Жансейіт Түймебаев.

Іс-шара тарих саласындағы ынтымақтастықты арттыруға, ғалымдардың ортақ ғылыми жұмыс жүргізуіне,  тақырыптық мерзімді басылымдарда материалдар жариялауына бағытталған.

Конгрестің пленарлық отырысы сессиялармен жалғасты, онда «Шажарат аль-Атрактағы Жошының бейнесі», «Шыңғыс әулеті дәуіріндегі түркі мемлекеттілігінің тарихы», «Ұлы дала өркениетінің тұжырымдамасы», «Шыңғыс әулетінен кейінгі түркі мемлекеттерінің жіктелу қағидаттары»,   «Көшпелі өркениеттегі түркі мемлекеттілігінің ерекшеліктері» және т.б. тақырыптар қаралды.

Халықаралық жиынның қорытындысы бойынша қатысушылар түркі мемлекеттілігінің тарихын зерттеудегі негізгі бағыттар бойынша бірқатар маңызды шешімдерді қарастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі