Қазан айының 4 жұлдызында геодезия және картография мамандығының 4 курс студенттері АЭС жобасы бойынша тәрбие сағатын өткізді. Жиында табиғи электр қуатының тиімділігі мен қажетілігі сөз болды.
АЭС салудағы ең маңызды мәселе – еліміздің энергетикалық әлеуетін қамтамасыз ету. Осы сәттің өзінде мемлекетімізде электр қуатының тапшылығы сезілуде, ал электр энергиясына деген қажеттілік жылдан-жылға өспесе, кемімейді. Бүгінде қазақстандық станциялардың көбінде жабдықтар тозған, жартысының басым бөлігі 30 жылдан астам эксплуатацияда. Бұл фактор электр станцияларының апаттық көрсеткіштеріне және тұрақтылығына әсер етеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына 2060 жылға дейін қол жеткізу мақсатын қойып отыр. Өзіңіз білетіндей, АЭС парниктік газдарды бөлмейді. Осы көрсеткіш бойынша да атом энергетикасы жаңартылатын энергия көздерімен бәсекелес. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (UNECE) 2021 жылғы деректеріне сүйенсек, бүкіл өмірлік цикл бойынша парниктік газ қалдықтарының ең төмен көрсеткіштері – атом энергетикасында. Сондықтан, АЭСэнергетикамызды көміртексіз бағытқа көшудің негізі болып табылады. Ол жел немесе күн электр станциялары сияқты ауа-райына тәуелді емес және 100 пайыз қуатты тұрақты түрде өндіре алады.
Ал қауіпсіздік мәселесіне тоқталатын болсақ, заманауи реакторларда радиоактивті материалдардың шығуын болдырмау үшін бірнеше дәйекті және тәуелсіз қорғаныс жүйелері қолданылады. Жаңа реакторларды жобалау кезінде көптеген тәуекелдер есептеледі. Жалпы, ұқсас деректермен салыстырсақ, қазіргі реакторлардағы ауыр апаттың ықтималдығы ұшақ апатынан қаза болу мүмкіндігінен 100 есе төмен. Сондай-ақ, тағы бір мысал: апат кезінде реактор жұмысының дербестігі 72 сағатқа дейін жетеді. Яғни, реактор адам араласуынсыз өздігінен тоқтап, үш тәулік бойы қауіпсіз жағдайда тұрады.
Студенттерге атом электр станцияларының жұмыс істеу принциптері, заманауи қауіпсіздік технологиялары және олардың қоршаған ортаға әсері туралы, атом энергетикасының экономикалық пайдасы, соның ішінде тұрақты электр қуатын өндіру, жұмыс орындарын ашу және энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу екені айтылып, студенттерді толғандырған сұрақтарға жауап берілді.