«Языки, литературы и культуры народов России в современной академической науке» атты Халықаралық форумFarabi University

«Языки, литературы и культуры народов России в современной академической науке» атты Халықаралық форум

11 қазан, 2024

AP19676515 «Әл-Фараби мен түркі ғұламаларының мұрасындағы ізгі адам: компаративистік дискурс» гранттық қаржыландыру жобасы шеңберінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценттері, жоба жетекшісі Әлия Өмірбекова, жоба мүшелері Мира Балтымова мен Маржан Аликбаева 9-11 қазанда Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Г. Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының құрылғанына 85 жыл толуына орай өткізілген «Языки, литературы и культуры народов России в современной академической науке» атты Халықаралық форум жұмысына қатысып, түркі ғұламаларының мұрасын зерттеу нәтижелері жөнінде баяндама жасады.
Форумның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде ТР ҒА вице-президенті Айнур Тимерханов елдің академиялық ғылымы үшін ұлттық тілдер, әдебиеттер, мәдениеттер тақырыбы әрқашан басымдықтардың бірі екенін және осы саладағы заманауи зерттеулерді ғалымдар отандық және шетелдік гуманитарлық ғылымдар дамуының перспективалық тенденцияларын ескере отырып, қалыптасқан академиялық дәстүрлерге сүйене отырып жүргізетінін атап өтті.
Форум барысында жоба мүшелері Институттың соңғы 5 жылдағы ғылыми жетістіктерімен танысты. Сонымен қатар Г. Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының директоры Ильгиз Халиковпен (Татарстан), М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановпен (Қазақстан), П.П. Семенов-Тян-Шанский ат. Халықаралық гуманитарлық университет ректоры Марина Пименовамен (Ресей), Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы бас консулы Ерлан Искаковпен, Ким Миннулин, Венера Макарова, Диля Давлетшина және т.б. шетелдік ғалымдармен кездесті.
Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан және т.б. елдерден келген 200-ден астам ғалымдар қатысқан Форумның секция жұмыстарында ғалымдар татар тілі, әдебиеті, тарихымен қатар, татартану және түркология саласының дамуы, дәстүрлері мен жаңашылдықтары мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар жоба мүшелері түркология аспектісіндегі лингвомәдениеттану мәселелері бойынша 47-ші Халықаралық күзгі ғылыми мектепке қатысты.