АҚШ ғалымы жаңа биотехнологияларды құру тәжірибесімен бөлісті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде АҚШ-тың Массачусетс технологиялық институтының профессоры, Уайтхед биомедициналық зерттеулер институтының негізін қалаушы, әлемге әйгілі ғалым Харви Франклин Лодиш қонақта болды. Белгілі ғалым «Ауруларды емдеуге арналған жаңа технологиялар мен табысты биотехнологиялық компанияларды құру: жеке тарих» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.

Дәріске биология және биотехнология факультетінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Биология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Амангелді Бисенбаев жиналғандарға құрметті қонақты таныстырды.
Харви Франклин Лодиш – әлемге ең танымал 14 тілге аударылған «Молекулалық жасуша биологиясы» кітабының авторы.

Жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірген соң, лектор АҚШ-тағы биотехнология саласының қысқаша тарихынан бастады. Ерекше назарды биотехнологиялық компанияларды құрудағы кәсіпкер-оқытушылардың рөліне аударды. Кембридж және Массачусетстегі биотехнологиялық экожүйенің дамуының негізгі факторы – зерттеу университеттері, ауруханалар, бизнес-қоғамдастық, инвестициялық қорлар және жергілікті билік органдары арасындағы кең ынтымақтастық болды. Сонымен қатар профессор Лодиш өзінің табысты компаниялар құру тәжірибесімен бөлісті. Ол 1980 жылдары Genzyme компаниясын құрып, сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған фермент алмастырғыш препараттар шығаруды бастаған.

«Жақында мен Драве синдромы бар балалардың екі ата-анасымен бірге Tevard компаниясын құрдым. Компания гендік терапияға арналған супрессорлық тРНҚ әзірлейді, бұл көптеген гендердегі ауру тудыратын мутацияларды түзетуге мүмкіндік береді, олардың қатарына Драве синдромы, Дюшенн бұлшықет дистрофиясы және дилатациялық кардиомиопатия кіреді. Ал бұрынғы аспирантыммен бірге негізін қалаған Cerberus компаниясы бірқатар моногенді аутоиммундық аурулардың алдын алу және емдеу үшін қуатты ақуыздық терапиялық препараттар әзірлеумен айналысады», – деді профессор.

Лекция соңында ғалым биотехнология мен кәсіпкерлік бойынша университет студенттеріне арналған курстардың маңыздылығын атап өтті, бұл тек жаратылыстану ғылымдары саласында ғана емес, бизнес саласында да өзекті екенін айтты. Кейін қатысушылар сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар