Қасиетті Түркістанға саяхат
Еліміздің рухани астанасы, ежелден мұсылман атаулы тәу етіп барып, зиярат қылатын құтты орын, түркілердің төл мекені – Түркістанмен танысу мақсатымен ғылыми-танымдық іс-шара жүзеге асырылды.
Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы шетелдік студенттеріне «Айналаңды нұрландыр!» бағдарламасы аясында, өзінің 1500-жылдық көне тарихымен танымал, тарихи қала, діни туризм орталығы – Түркістанға экскурсия ұйымдастырды. Бұл экскурсия өзінің тарихи-мәдени бағытымен ерекшеленді.
Осы іс-шараны Қазақ хандығының құрылуына 550 жылдық және шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының 30 жылдық мерейтойына арнап, кафедраның «Саяхат» атты өлкетану клубының жетекшісі Т.В. Курманова ұйымдастырды. Шараны осы кафедраның ұстаздары Г.Е. Утебалиева, А.Е. Саденова, Х.С. Қасқабасовалар ерекше қолдай отырып, АҚШ, Испания, Қытай, Ауғанстан, Түркия, Вьетнам, Ливан, Оңтүстік Корея, Жапония, Монғолия, Швейцария, Германия, Иран және басқа да елдерден қазақ және орыс тілдерін оқу үшін Қазақстанға келген шетелдік студенттерді саяхаттауға алып барды.
Бұл, біріншіден, қазақ халқының жоғары мәдениеті мен өнегелік қасиеттері туралы шетелдік студенттердің тарихи-мәдени білімдерін көтерудің өзгеше формасы, екіншіден шетелдік студенттердің ой-танымын қалыптастырудың негізі болар бірден-бір жақсы шара.
Саяхат барысында шетелдік студенттер еліміздің түркі тілдес халықтардың рухани орталығы, Қазақ хандығының саяси астанасы болған Түркістан қаласын, XV ғасырда Қ.А. Йасауиге арнап тұрғызылған кесенесін аралап көріп, оның тарихымен танысып, ерекше әсер алды.
Сонымен қатар саяхат Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи, киелі орындар Домалақ ана кесенесіне, Ақмешіт әулие үңгірі басына жалғасын тапты. Студенттерді таңғалдырған, оларды қызықтырған ерекше нысан - Ақмешіт әулие үңгірі болды. Бұл Ақмешіт әулие үңгірінің ерекшелігі перзент көрмеген кейбір ерлі-зайыптылар, ауру адамдар түнеп, мінәжат етуі, оның тарихы студенттерді бей-жай қалдырмады.
Саяхат тек тарихи нысандарды аралау және олармен танысумен шектелмей, әрі қарай ғылыми-көпшілік бағдарламаларымен жалғасын тапты. Бұл экскурсияның танымдық қызметімен бірге тәрбиелік, сауықтырушылық және спорттық мәні де зор болды. Бұл тарих саласы мен ой-танымдық мәдениетіне және шынайы тәжірибе алмасуға бағытталған бұл саяхат көпке үлгі болары сөзсіз.
А.Е. Саденова., Т.В. Курманова., Г.Е. Утебалиева., Х.С. Қасқабасова
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары