Алматының өсіп-өркендеуі ең алдымен жастардың белсенділігіне байланысты
Қазақ білімінің қарашаңырағы – әл-Фараби атындағы Ұлттық университет аумағындағы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында қала әкімі Бауыржан Байбек жоғары оқу орындары басшылары мен профессор-оқытушылар құрамымен және студент жастармен кездесті.
Жылы шырайлы кездесудің жүргізушісі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, Ректорлар кеңесінің төрағасы Серік Пірәлиев алдымен өткізіліп отырған жиынның маңыздылығына тоқталып, өз сөзінде «Бүгінгі кездесу біздің сүйікті қаламыздың жаңа кезеңіне байланысты болып отыр. Алматы – бәріміздің сүйікті қаламыз. Қазақстан үшін Алматының маңызы өте зор. Бүгін баршамыз Елбасы алға қойған «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды» негізге алып жасалып отырған «Алматы-2020» Даму бағдарламасының жобасын талқылау үшін жиналып отырмыз. Мұндай стратегиялық мәні зор бағдарлама тұңғыш рет қаламыздағы жоғары оқу орындары оқытушылары, жас ғалымдары мен студенттер қауымы арасында талқыланып отырғанын айтып өткеніміз жөн. Дәл қазіргі таңда Алматының әрбір тұрғыны өзінің сүйікті қаласының өсіп-өркендеуіне, дамып, кемелденуіне өз үлестерін қосып, ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп жатыр. Сондықтан, шаһар басшысы бүгін арнайы уақыт бөліп, қаламыздың жастарымен кездесіп отыр», – деді. Қала әкімі Бауыржан Байбек осынау жиын барысында тау етегіндегі жастар қалашығын аралап шыққанын, атына заты сай «Керемет» кешенінің бүгінгі өркениет талаптарына сай қызмет көрсетіп жатқанына ризашылығын білдірді.
– Елбасымыз әрқашан «Алматы – Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі, еліміздің ең ірі экономикалық орталығы» деп ерекше қолдап отырады. Алматы – жастар қаласы. Өйткені, мұндағы тұрғындардың жарты миллионға жуығын жастар құрайды екен. Еліміздегі 126 жоғары оқу ордасының 38-і біздің қаламызда. Олардың 7-еуі Ұлттық мәртебе алған оқу орындары. Елбасымыз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап қолдау көрсетіп отырған Алматы қаласы еліміздің жалпы ішкі өнімінің 30 пайызын, салықтық түсімдерінің 28 пайызын, сауданың 41 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Осындай көркем де келісті қаламыздың болашағының жарқын, тұрғындарының жайлы, қауіпсіз қалада өмір сүруі үшін «2016 – 2020 жылдарға арналған Алматы қаласының Даму бағдарламасы» жобасын әзірлеп, жұртшылықтың талқылауына ұсынып отырмыз. Көп жағдайда әлеуметтік зерттеулерге сүйенетініміз шындық. Десек те, жастар – біздің болашағымыз. Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында дәл бүгінгі таңда 129 355 студент білім алып жатса, бұл – еліміздегі оқып жатқан студенттердің үштен бір бөлігі. Алматы қаласында 4 мыңға жуық шетелдік студент бар екен. Әл-Фараби атындағы университетте білім алып жатқан шетелдік студенттердің өзі – 400. Мұның өзі жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, білім сапасына да оң септігін тигізеді деп ойлаймын.
Бүгінде «Болашақ» бағдарламасының арқасында мыңдаған жастарымыз шет елдердегі жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Сонымен қатар, Алматыдағы барлық жоғары оқу орындарында халықаралық стандартқа сәйкес келетін үшсалалы білім үлгісі енгізілгеніне, бүгінгі заман талабына сай шет тілін меңгеру қажет екендігіне тоқталған қала әкімі «Ана тілін білу – міндет, өзге тілді білу – мәдениет» деп атап өтті. Шындығында, жыл сайын Алматыдағы жоғары оқу орындарын 30 мыңнан астам жас тәмәмдап, маман атанады. Осы жастардың 70 пайызы – еліміздің өзге аймақтарынан келгендер.
Сондықтан, шаһар басшысы жаңашыл, ізденуші жастарды қолдау үшін Даму бағдар-ламасында жас ғалымдар мен студенттердің инновациялық жобаларына қолдау көрсету қарастырылғанын жеткізді. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек: «Егер халқымыз ХХІ ғасырда ғылым мен ақпарат заманына бәсекелес бола алса, онда мемлекет те дамудың жоғары көрсеткіштеріне жетуі мүмкін. Өйткені, еліміз Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, «Білімге ұмтылу, бұл – аттап өте алмайтын құндылықтар және мемлекеттің экономикалық ресурсы».
Осыдан кейін, жоғары оқу орындарының ректорлары сөз кезегін алып, 7 басымдық, 5 ұстаным бағытында нақтыланып жасалған бағдарламаның маңыздылығын, бағдарламаны жүзеге асыруда белсенді қала тұрғындарының шешуші рөл атқаратынын айтып, оны жан-жүрекпен сезініп, түсіну қажет екендігін жеткізді. Сондай-ақ, кездесуге келген жастар атынан сөз алған Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 3-курс студенті Салтанат Лесбек пен VІB 3-курс студенті Борис Кулов көпшілік талқысына түсіп жатқан бағдарламаға әрбір қала тұрғынының атсалысуы басты міндет екендігін, сонда ғана оның келешегі кемел, болашағы көркем болатынын айтып, барлық жастарды бағдарламаны бірлесе қолдауға шақырды.