Айқын

23 қараша, 2015

National geographic: мың суреттен біреу ғана

Әл-ФарабиатындағыҚазақұлттықуниверситетіндереспубликалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымның ұйымдастыруымен америкалық National geographic журналының мал шаруашылығы тақырыбы бойынша кәсіби фотожурналисі Райн Беллмен кездесу өтті. Кәсіби маманның шығармашылығымен танысуға отандық фотожурналистер мен ҚазҰУ студенттері қатысты.

National geographic журналына фотограф Райн Белл тосыннан келген. Өзінің саласы далалық мал шаруашылығына жақын болғандықтан, осы саладағы небір тамаша сәттерді фотокөзімен сөйлету Райнға қызығушылық тудырған. Америкалық атақты басылымда фотожурналист болу мәртебесіне де осы салада қызмет етуі септігін тигізсе керек. Оның қорындағы суреттерден өзіне тән жеке қолтаңбасын байқауға болады.

АҚШ-та фотоға қойылатын заң талаптары өте қатаң. Егер қоғамдық ортада фотоға түсіретін болсаңыз, оның ешқандай заңға қайшылығы жоқ, ал жекеменшік жерді рұқсатсыз түсіруге қатаң тыйым салынады. Жеке адамдар туралы суреттің әсерлі шыққан фотоларын кәсіби журналда пайдалану үшін бірінші түсіргенде, екінші түсіріп болғаннан кейін рұқсат сұрау тиісті. National geographic журналының өз журналистері мен фотожурналистерінен талап ететін қағидаларының бірі осы.

Әлемдік National geographic журналы, негізінен, үлкен ұйымдармен жұмыс жүргізеді және солардың ішінен ең үздіктерін таң­дайды. Фотожурналистер жеке өздерінің жобалары бойын­ша жеке тақырыптармен жұмыс істейді. Райн да өз тақырыбы бойынша біраз еңбек­теніп, осы сала жобасының жеңімпазы атанған.

Кәсіби фотожурналисті «оқырман мен көрерменді қызықтыратын және белгілі бір талаптарға жауап бере алып жүрмін бе?» деген сұрақ мазалауы тиіс көріне­ді. Райн осы сұраққа нақты іспен жауап беру өз салаңдағы кәсіби шеберліктің арта түскендігін білдіреді дейді.

Малды өсіру, көбейту – шаруашы­лықтағы басты қағидалар, бірақ оның тағамдық тақырып ретіндегі аспектілері бойынша тақырыптық материалдар түсіру де фотожурналистің салалық кезекті тақырыбы болады. Райнның осы аспекті бойынша да материалдар жасау да ойында бар екен.

Ол осыдан бес жыл бұрын іссапармен Ресейге барып, тақырыптық материал әзірлеуге кіріскен көрінеді. Бірақ фотограф ол кезде америкалықтар мен орыс жұрты арасындағы адамдар қарым-қатынасы тіпті бөлек екенін айтады. Ал сол уақыттан бергі бес жылдың ішін қарайтын болсақ, қарым-қатынас шеңберін түсіне беруге болады. Бұл мемлекетте репортаждар жасауда қиындықтар көп болған. Қазақстандықтар бұл жағынан қонақжай, кішіпейіл халық екендігін ерекше ілтипатпен жеткізді.

Райн үшін біздің елдегі басты қиындық – климат, ауа райының әсері болыпты. Ал халқының фотоға түсуі, қонақ күтуі Райн үшін шығармашылығын кедергісіз шыңдауға үлкен көмек болғанын жасыр­майды.

Кезекті сапары Қазақ жеріне бағыт­талған күннен бері арада бір ай өтіпті. Бұл сапарында ол қазақтың ұлттық ойыны «көкпарды» фотоға түсіруге мүмкіндік алыпты. Естігені сол-ақ екен, көкпарға өзі де кірісіп, анадай жерде жатқан қара ешкіні алғаны сол екен, қырық шақты қазақ жігітінің астында қалуға жақын қалыпты. Ойынның шартымен жете түсіне алмай біраз қиналған ол осы сәттерді еске түсіргенде, бейнебір өзін төбелеске кіріп кеткендей сезім байқалғанын айтады.

Кез келген фотожурналист болсын, ат үстінде еркін шаба алмайды немесе өзге тұлпарға үйрене алмайды. Сондықтан да ат үстінде шауып отырып, фотоға түсіру өте қиын сәт. Райн осы мәселе төңірегінде де өз тәжірибесі мен сабағынан ой бөлісті.

Негізінен, америкалық фотожурналист үшін тартысты сәттердің қызып жатқан тұстарын сол ортаның ішіне кіріп, қозғалыспен түсіру, үлкен кәсібилікпен қатар, шеберлікті талап етеді, әрі ортада танымалдылығына керемет жағдай жасайды екен.

National geographic журналы фотожурналисінің айтуынша, бұл іссапардағы фотоларының ешбірі өзіне ұнай қоймапты, өйткені климатқа байланысты ауа райының сәт сайын құбылуы, фокустардың ұсталмауы, композицияның түсініксіз болуы мен фотоаппарат линзасында жаңбыр тамшыларының болуы фотоның сапалық құраманың нашарлығын білдірсе керек. Ол бұл түсірілімдерін тәжірибеге балап, техникалық тұрғыда және шығармашылық мақсатта бастапқы үйрену тәжірибесі ғана болғанын айтады. Келер жылғы көктем айында қайта қазақ топырағына табаны тигенде, өзі көрген, сезінген, білген ұлттық ойынды, өзі зерттеген ракурстар бойынша түсіруді ниеттеп, жоспарлап отыр екен.

Біздің көкпар ойынын түсірерде өте қатты қиналыпты. Себебі аттың жалы қайсы, ешкінің қайсы екені белгісіз кадрлар түсіріліп қалған. Алдағы көктемде ақ ешкі сойғызып, соны ойын барысында түсіруді жоспарлап отыр екен.

Райн Белл әңгіме барысында: «Фото­журналистиканың ең маңызды қызық тұсы – сол процестерді үйде отырып қайталап көру, сезіну, ол мәдени-рухани үндестікті біртабан жақындатады. Әрбір фотоның өз рухы, өз айтары болады. Ол оқиғадағы бейнелерімен көрініс табады» дейді.

National geographic журналында авторлық құқығы сақталған, әрі санға емес, сапаға жүгінетін фототүсірілім мен танымдық материалды сұрыптаудан, редакция алқасы шешімімен қабылдау дәстүрі жалғасын тапқан. Мысалы, Исландияға бір журналисті мың доллар қаражатпен іссапарға жіберген. Журналист сол аймақта 30 күн бойы фоторепортаж түсірген, бірақ редакция бір ғана фотоны басуға алған.

Демек, сапаға қарайтын басылымның талаптары да үлкен тәртіппен құрылғанын байқауға болады. Сондай-ақ Райн Белл: «Журналистика, фотожурналистика мансабын қуатын болсаңыздар, қандай да бір нақты тақырыпты алып, соны жеткізу қажет, сол тақырыпқа ең аз дегенде 5 жылғы өмір­лерінді қия аласыз ба, соны ойлану керек» деп кеңес те айтты.

Кездесуде отандық фотожурналистер, бірлестік мүшелері және студенттер қатысып, пікір алмасты. Шығармашылық байланыс жүргізген бірлестік басшысы А.Әбдірайым бірлестік атынан Райн Беллге «Қазақтың көшпелі мәдениеті» атты фотоальбомын сыйға тартты.

Кездесу соңында, Райн Белл қазақстандық журналистер мен фотожурналистерге кәсіби шеберлік сағатын өтіп, National geographic журналында фотосуреттер жариялаудың жұмыс тәсілімен кеңінен таныстырып өтті.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ