Алаш арыстарын ардақтады
Алаш арыстарын ардақтады Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі ғалым, алаштанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аманқос Мектептегінің «Көсемсөздің көсемі» еңбегінің тұсауы кесілді.
ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси және мәдени-рухани кескін-келбетін бейнелейтін ұлттық публицистер шығармашылығын зерттеуге арналған құнды дүниелер аз. Тарихымызда әлі де зерттеліп, зерделенбей тасада қалған деректер баршылық. Зерттеуші Аманқос Құлтанұлының жақында жарық көрген «Көсемсөздің көсемі» атты еңбегі сол олқылықтың орнын толтырғандай болды.
Еңбекте алаш көсемсөз шеберінің қоғамдық өмірдің барлық саласында, яғни ағартушылық бағыттағы еңбектеріне тың зерттеулер жүргізілген. Салалық журналистиканың негізін салуға үлес қосқан. Сонымен қатар ғылыми еңбекте алаштың ардақты ұлы Халел Досмұхамедұлының көсемсөз шығармаларының негізінде қазақ қоғамы өміріндегі қым-қуыт өзекті де келелі мәселелерді шешудегі шеберлік қырлары сарапталып, олардың қоғамдық пікірді қалыптастырудағы жетекшілік қадір-қасиетін, білімпаздық өнегесін, кәсіби шеберлік қыр-сырын ашуға бағытталған. Ұлт көсемдерінің деңгейіне көтерілген алып тұлғаның қазақ қоғамын империяның отарлаушылық, тонаушылық, қанаушылық езгісінен құтқару жолындағы жанкештілік шығармашылық еңбегі жан-жақты қарастырылған. Көшпелі қалың елді дербес мемлекеттік субъектіге айналдыру, яғни Алаш автономиясын құруға, сөйтіп, халқымыз ғасырлар армандаған асыл мұратқа жетуіне себепкер тұлғаның кескін-келбеті бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық. Ол туралы ғалым еңбегінде: «Оның шығармашылық машығынан оқыған жанға ой-өрiсiнiң тұңғиықтығы мен ауқымдылығы, бiлiм-парасатының тереңдiгi мен кiршiксiз тазалығының әсер күшi өз-өзiнен сезіліп тұрады. Қаламгер ғалымдық, ұстаздық тәлiм-тәрбиесi мен үлгi-өнегесi арқылы жас-кәрiнi бірден баурап, сана сарайларын шам жаққандай ғажайып асқақ күйге бөледi. Халекең мақалаларының тақырыбынан бастап оқушысының бiлуге құштарлығын оятып, eciл-дертiн үйiрiп әкетедi» дейді.
Кітаптың тұсаукесер шарасына Қазақстан Жазушылар одағынан, Баспалар үйінен, БАҚ өкілдері қатысып, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Ғалымның зерттеген өзекті еңбегіне алғыстарын білдірді. Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек өз сөзінде: «Бүгінгідей алмағайып заманда ұрпақ санасына сонау замандағы тар жол, тайғақ кешу жолдарынан өткен алаш ардагерлерінің қаламынан туған төл шығармаларын сіңіру қажеттілігі туындап отырғаны рас. Осы орайда ақыл-парасаты, білімпаздық, даналығымен де ұлттық сананың сапалық дамуына үлгі-өнеге болған Халел Досмұхамедұлы публицистикалық шығармаларын зерттеп, осы күнге дейін белгісіз кейбір қырларын ашқан еңбектің маңызы зор» деп өз пікірін білдірді.
Тұсаукесер барысында зерттеуші Аманқос Мектептегі бұл алаш арыстарын зерттеудегі бұйырса, соңғы еңбегі емес екендігін атап өтті. Алдағы уақытта әлі талай ашылмаған қырларын жариялайтындығын баян етті. Сонымен қатар ғалым өзінің ұсынысын да атап өтті. Автор: «Халел Досмұхамедұлы тұңғыш рет ресми мемлекеттік кітапхана негізін салған, әскери мектеп ашқан, терминология, кітап ісінде де елеулі үлес қосқан алаш арысы. Десек те, ол кісінің атында республикамызда не бір кітапхана атауы берілмеген, не бір жөні түзу ескерткіш орнатылмаған. Осы мәселені қолға алуымыз керек» деді. Шынымен де, ұлт тағдырына, көшпелі қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өміріне бей-жай қарамаған арыстарымызды құрметтеуді ұмытпаған жөн.
Сондай-ақ монографиялық еңбекте алаштың біртуар азаматтары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жаһаншаһ Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Елдес Омарұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Әлімхан Ермекұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Телжан Шонанұлы, Дінше Әділұлы, Уәлихан Омарұлы, Мұхтар Әуезов, тағы басқалар туралы мұрағат қорында сақталған бұрын-соңды ғылыми айналысқа түспеген тың деректер бар. Өткен ғасырдың 20-жылдарындағы кеңестік қызыл империяның қазақ ұлтын миллиондап аштан қатырған геноцидтік қылмысын әшкерелеген және соған қарсы тұрып, бетпе-бет қарсы күрескен ерен ерлігі деректі құжаттармен дәлелденген. Рухани мәдениетіміз тарихында 1922 жылы түсірілмек болған тұңғыш көркем фильм «Бекет батыр» хақында да уәжді дәйектермен баяндалған.
Халел Досмұхамедұлының қыр-сырын ашуға автор жан-жақты дайындықпен, ғылыми аналитикалық терең талдау жасаған десек артық айтқандық емес. Өткен ғасырдың 90-жылдары жазылып, біраз уақыт жатып қалған еңбекке кезінде академиктер Зейнолла Қабдолов, Рабиға Сыздықова, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Шериаздан Елеукенов, Әнес Сарай, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Бауыржан Омарұлы сынды дуалы ауыз тұлғалар оң бағалауы көп жайды аңғартады. Шара барысында еңбектің алаштануға қосылған ғылыми жаңалығы мен тарихи танымдық, деректілік тұстарына профессор Кәкен Қамзин, «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп, ҚР тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының ішкі саясат жөніндегі сарапшысы Нұриддин Сұлтанмұратов, Халел Досмұхамедұлының жиен немересі Мұрад Ерғазыұлы Әбдірақымовтар өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Әйгерім ӘЛІМЖАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің аға оқытушысы