Алматы ақшамы

28 қараша, 2015

Сапар Байжановтың "Өнегелі өмірі"

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтановтың қолдауымен шығатын «Өнегелі өмір» кітабының кезекті саны – Сапар Байжановтың ғұмыры мен шығармашылығына арналды.

Публицист-жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сапар Байжановтың туғанына 85 жыл толуына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ұлтының ұмытылмас тұлғасы – Сапар Байжановтың шығармашылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Университеттік «100 кітап» бағдарламасы аясында өткізілген конференцияға қайраткер тұлғаның замандастары, курстастары, белгілі қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер және жазушының жары Күләш Бисенбиева қатысты. Шараның шымылдығын ашқан университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов:

– Еліміздің аға басылымы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне ұзақ жылдар басшылық жасап, мәдени және әлеуметтік дамуымызға сүбелі үлес қосқан тұлғаның бірі – Сапар Байжанов. Университетімізде дәстүрге айналған «Өнегелі өмір» сериялы кітаптар қатарында бүгін қайраткердің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап қолымызға тиіп отыр, – дей келе, кітаптың тұсауын кесуге С. Байжановтың ізбасары, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов пен жазушының жары Күләш Бисенбиеваны шақырды.

Шашумен жалғасын тапқан тұсаукесер рәсімінен кейін С.Байжановтың ізбасары Сауытбек Абдрахманов ұстазы жайлы естеліктерімен бөлісті.

– Біз Сапекеңнен көп нәрсе үйрендік. Журналист ретінде Сапекеңнің ең мықты қыры да осы редакторлығы болатын. Жеделдікті, жүрдектікті жазып, ойлылықты сөйлеп көрсететін. “Қанша адам болса, сонша мінез бар. Көп нәрсе, керек десеңіз, тіпті, адамның тағдыры да кейде мінезіне тікелей байланысты. Адамның мінез-құлқы қалыптаса келе қасиетке айналады”, – деп жазғаны да бар ол кісінің. Таза журналистік, таза редакторлық қызметпен Сапар Байжанов осы мамандықтың беделін көтеріп кетті, – деді ізбасар-шәкірті.

Бас редактор, қаламы жүйрік журналист, ғалым Сапар Байжанов оқырмандардың ықыласына бөленген «Замандас туралы толғау», «Архив-айғақ», «Абай және архив», «Қажыға барған қазақтар» сынды зерттеулердің авторы. 1973–1983 жылдары ол «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторы қызметін атқарған. 1983–1994 жылдары ҚР Бас Мұрағат басқармасын басқарады. Публицист-жазушының артында 30-ға жуық авторлық және аударма кітаптар, 300-ден аса мақала, очерк, эсселер және пьесалық шығармалар қалған.

Болашақ журналистерге қайраткердің ғұмыры мен шығармашылығы үлгі болсын деген ниетпен ұйымдастырылған шара журналистика факультетінде «С.Байжановтың басқарушылық шеберлігі» және «Қазіргі БАҚ менеджменті», «С.Байжановтың редакторлық-баспагерлік қызметі және қазіргі баспа өнері» мәселелері атты үш түрлі секцияға бөлінген конференциямен жалғасын тапты.