Орнықты даму мақсаттарының «Білім беру» бағыты шеңберінде Философия кафедрасы және “Қадам” танымдық-философиялық жастар клубының ұйымдастыруымен «Философия дегеніміз не?» тақырыпта ашық дәріс өткізілді.

8 қараша, 2024

Орнықты даму мақсаттарының «Білім беру» бағыты шеңберінде Философия кафедрасы және “Қадам” танымдық-философиялық жастар клубының ұйымдастыруымен «Философия дегеніміз не?» тақырыпта ашық дәріс өткізілді. Дәрісті философия ғылымдарының докторы Берік Аташ жүргізіп, философияның адамзат тарихындағы рөлі, оның негіздері, сондай-ақ, күнделікті өмірде алатын орны мен мәні туралы терең мағлұмат берді. Сонымен қатар, философияның түрлі әдістері, гносеологиялық және эпистемологиялық мәселелері қаралып, олардың заманауи қоғамдағы өзектілігі турасында талқыланды.

Шара барысында философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Әсет Құранбек сөз сөйлеп, жастардың танымдық қабілеттерін арттыратын және философияға қызығушылығын оятатын клубтың ашылуымен құттықтады. Ол философияның тек қана ғылыми пән емес, сонымен қатар адамның ой-өрісін кеңейтіп, өмірдің мәні мен қоғамдағы өз орнын түсінуге көмектесетін маңызды құрал екенін атап өтті.
Айта кетейік, клубқа философиядан бөлек, басқа да түрлі мамандықтағы студенттер де мүшелік етті. Клуб еркін, ашық және ерікті түрде ұйымдастырылғандықтан, әртүрлі сала өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, философия мәселелерін талқылауға белсенді қатысты. Студенттер философияның күрделі мәселелерін түсіну жолында белсенділік танытып, пәннің олардың жеке және кәсіби дамуына тигізетін әсеріне қызығушылық білдірді. 
Іс-шара барысында жастардың философияға деген құлшынысы, сұрақ қоюға және жауап табуға ұмтылысы ерекше байқалды. Әртүрлі мамандық өкілдерінің бір ортаға жиналып, философияның қоғамдағы орны мен мәнін талқылауы, олардың болашақта өз мамандықтарында да философиялық тұрғыдан ойлау қабілеттерін қолдануға септігін тигізетіні сөзсіз.