Тұрар Рысқұлов және Түркістан идеясы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, түркі халықтарының бірлігі үшін күрес жүргізген біртуар тұлға Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығына арналған «ХХІ ғасырдағы Түркістан идеясы» атты республикалық ғылыми конференция өтті.
Тұрар Рысқұловтың өмірі мен ғылыми ізденістерін, келешек ұрпаққа қалдырған мұрасын жан-жақты зерттеп, жаңа қырынан тануға мол мүмкіндік беретін іс-шарада еліміздің түкпір-түкпірінен келген тарихшылар мен белгілі ғалымдар, сарапшылар бас қосты.
Атап айтқанда: ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Ұлттық құрылтай мүшесі, академик Оразалы Сәбден, ҚР ҰҒА академигі, профессор Мәмбет Қойгелдиев пен Ханкелді Әбжанов, жазушы Бейбіт Қойшыбаев пен Мұхтар Қазбек, оқу ордасының оқытушылары, студенттер қатысты.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жиналғандарға оқып берді.
«Тұрар Рысқұлов – төл шежіремізге, ұлтымыздың болашағына қатысты көптеген мақалалар мен ғылыми еңбектер жазды. Күрделі кезеңде ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, талай игі бастамаға ұйытқы болды. Қазақтың біртуар перзенті еліміздің егемендігі, түркі жұртының азаттығы жолында табанды күрес жүргізді. Тұрар Рысқұлов есімі «Тұтас Түркістан» идеясымен тығыз байланысты», – делінген хатта.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Тұрар Рысқұлов қазақ халқының ғана мақтанышы емес, түркі халықтарына ортақ тарихи тұлға екенін баса айтты.
«Тұрар Рысқұлов тұтас Түркістан идеясы үшін күресіп, түркі мемлекеттерінің ынтымағын нығайтуда жанкешті еңбек етті. 1920 жылы Түркістан орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Қазақ халқын аштықтан құтқару жайында Сталинге нақты ұсыныстар жасады. Голощекиннің «Қазақстандағы кіші Қазан» идеясына ашық түрде қарсы шықты. Қазақ зиялылары армандаған «Түркі дүниесі» идеясы бүгінде жүзеге асты. Егемендік алғаннан кейін бауырлас елдер қосылып, Түркі мемлекеттері ұйымын құрды. Мұндай ұйым бұрын-сонды болмаған. Бұдан бөлек, ТҮРКСОЙ, ТүркПА ұйымдары бар. Ғылыми тұрғыда 2010 жылы Халықаралық түркі академиясы Астана қаласында ашылды. Осы идеяның барлығын кезінде Тұрар Рысқұлов пен өзге де ұлт зиялылары армандаған болатын», – деді ректор.
Өз кезегінде профессор Мәмбет Қойгелдиев Тұрар Рысқұловтың көзқарасы мен ұстанымы туралы баяндама жасап, қайраткер тұлғаның қазақ халқы үшін жасаған еңбегі еш уақытта өзектілігін жоғалтпайтынын атап өтті.
«Тұрар Рысқұлов 1906 жылғы көтерілістің перзенті деп айтуға болады. 1916 жылы болған ұлт-азаттық қозғалыс Рысқұловтың көз алдында өтті. Ол ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан қазақ зиялыларының өнегелі жолын жалғап, ұлтына адал қызмет етті. Қайраткер тұлғаның туған халқымызбен қатар, тұтас түркі дүниесі мен Орталық Азия елдерінің тарихында да өшпес ізі, қалдырған қолтаңбасы бар», – деді Мәмбет Қойгелдиев.
Іс-шарада Оразалы Сәбден, Ханкелді Әбжанов, Бейбіт Қойшыбаев, Мұхтар Қазбек және т.б. ғалымдар баяндама жасады.
Конференция барысында келушілер назарына Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві даярлаған Тұрар Рысқұловқа қатысты архив құжаттарының көрмесі таныстырылды. Мұнда Тұрар Рысқұловтың Пішпек ауылшаруашылық училищесінде және достарымен түскен фотосуреттері, сирек кездесетін құжаттар, қайраткер тұлғаның жазған өтініштері мен хаттары, 1921 жылы даярлаған «Ұлт мәселесі жөніндегі» атақты тезистері қойылған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі