Жасыл технологияларға арналған семинар жалғасуда
ҚазҰУ-да өтіп жатқан GreenTech Horizons жобасы бойынша жұмыс семинарының екінші күні микро-жоспарлауға және жұмыс пакеттерін егжей-тегжейлі талқылауға арналды.
Естеріңізге сала кетейік, жоба Шығыс серіктес, Орталық Азия және Қиыр Шығыс елдерінде білім беру және инновациялар арқылы жасыл және цифрлық технологияларға көшуге жәрдемдесуге бағытталған. Семинардың бірінші күні GreenTech Horizons жобасын, оның мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ әрбір серіктес пен құрылымдық басқармалардың рөлі мен үлесін саралауға арналды. Екінші күн профессор Даниэла Цирич Лаличтің (UNS) баяндамасынан басталды, ол бірінші күнге шолу жасап, екінші күннің мақсаттарына тоқталды.
Бұдан әрі ҚазҰУ-дың инновациялық тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін ақпараттық технологиялар факультетінің Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының профессоры Мәдина Мансұрова таныстырды. «Біріншіден, біздің басшылық пен факультеттер тұрақты даму мақсаттарына ерекше назар аударады. Әр факультеттің өз жұмыс жоспары бар. Бізде кампустың экологиялық жағдайын жақсартуға көмектесетін қоғамдастық, еріктілер бар. Біз Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру үшін конференциялар, түрлі кездесулер өткіземіз», – деді профессор.
Мәдина Мансұрова жасыл технологияларды цифрландыру саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы айтып, Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы бірқатар жобаларды іске асырып отырғанын атап өтті. «Біз Smart Lab жобасымен айналыстық. Оның мақсаты – ыңғайлы жұмыс ортасын құру және қолдау үшін ақылды алаңын құру, құрылғыларды бақылау және басқару. Мәселен, атмосфералық ауаның күйін, басқару сөрелерін және осы зертханадағы барлық құрылғыларды қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін арнайы бағдарламалық жасақтама жасалды. Бұл жоба өте сәтті және қазір зерттеу тобының мүшелері әртүрлі ұйымдардың жобаларын орындауда», – деп жұмыс нәтижелерімен бөлісті.
Семинар аясында өңірлік ерекшеліктерді (Әзірбайжан, Қазақстан, Моңғолия) және басқа да іс-шараларды ескере отырып, деректерді жинау мен есепті дайындаудағы әрбір серіктестің зерттеу құрылымы мен рөлі талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі