«Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ)» «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» тармағы аясында 1 курс магистранты Гаухар Омарханова Тегерандағы әдеби кездесуге қатысты

3 желтоқсан, 2024

2024 жылғы 27 қарашада Иранның астанасы Тегеран қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымы жанындағы Мәдени институтының ұйымдастыруымен және Иранның кітап және әдебиет үйі, «Кітап» телеарнасы, Иранның Кітап ақпарат агенттігі (IBNA) және ЭЫҰ аймағындағы университеттердің әріптесуімен  «Кітап – шекарасыз елші» атты халықаралық семинар өтті. Аталған семинарда қазақ ақыны Мақпал Жұмабайдың «Мақпалдың мақамды жырлары» атты өлеңдерінің парсы тіліне аудармасы таныстырылды. Кітапты парсы тіліне шығыстану факультеті ирантану бөлімінің 1-курс магистранты Гаухар Омарханова аударды. Гаухар Омарханова – қазақ әдебиетін парсы оқырмандарына таныстыруда тәжірибесі мол жас аудармашы. Бұл оның парсы тіліне жасаған үшінші аудармасы. Бұған дейінгі еңбектері ирандық әдебиетсүйер қауым тарапынан жоғары бағаланған. Г.Омарханова Мақпал Жұмабайдың шығармаларын аудару арқылы автордың поэзиясындағы терең мазмұн мен көркемдік ерекшеліктер парсы оқырмандарына жеткізілді. Бұл жоба екі ел арасындағы әдеби және мәдени қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде танылды. Семинар аясында қатысушылар қазақ және парсы әдебиеттерінің өзара үндестігі, аударманың мәдени диалогтағы рөлі және шығармашылық ынтымақтастықтың болашағы туралы ой бөлісті.