Желтоқсан ызғары мәңгі халықтың жадында

11 желтоқсан, 2024

Желтоқсан оқиғасы халқымыздың санасында қасіретті тарихи оқиға ретінде жазылып қалды. Бұл қанды оқиға ата бабамыз бірнеше ғасырлар бойы аңсап келген азаттықтың бастау алар үлкен ереуілі еді. Елде қайта құру саясатын бастап, өздері елде демократия жариялай отырып, ал соған қарамастан, Советтік әкімшілік жағынан саналы түрде қазақ еліне өзге елден басшы тағайындап, билеп-төстеп  үйреніп қалған саяси әрекетіне әрі қарай жол беруі Қазақ жастарының ашу-ызасын тудырып, олардың ел құғығын қорғау мақсатында алаңға бейбіт шеруге шығуға мәжбүрлегені кімге болса да белгілі еді. Ал Мәскеудің  қазақ жастарының бұл әрекетін бұрмалап, жаңсақ түсінікке жол беріп, саяси теріс баға беріп, жастардың бейбіт шеруіне совет әкімшілігінің қатал тыйым салып, оны тоқтату мақсатында қарусыз жастарға сырттан қарулы әскери күш қолдануы бүкіл халықтың наразылығын тудырды. Сол кездегі Советтік әкімшіліктің қолшоқпарлары да қазақ жастарын қаралау, жала жабу науқанын бастап та үлгергенді. Осындай әділетсіздікке тап болған жастардың бейбіт шеруі осылайша қанды оқиға ұласты, яғни бұл тәуелсіздік оңай келген жоқ. Қанша қазақ жастары жазықсыз жауапқа тартылып, түрмеге тоғытылып, оқудан қуылып, қарулы әскердің соққысынан мүгедек болғаны ешуақытта ел жадынан ұмтылмақ емес. Желтоқсан оқиғасы жанышталып, жабулы қазан жабулы күйінде қалдыруға тырысқандар да болды. Желтоқсан оқиғасына әділетті баға беруге үлкен еңбек сіңіріп, ереуілге қатысқан жастардың саяси ақталуына, және бұл жалпы қазақ халқына тағылған әділетсіз айыпты Советтік әкімшілікті мойындатуға күш салған санаулы ел азаматтарының көш басында халқымыздың бір туар ақыны М. Шақановтың Мәскеу басшыларына жолдаған ашық хаттары мен Мәскеу мінбесінен сөз алып, онда Желтоқсан оқиғасын мәселе етіп қойып, ұлтқа тағылған айыпты алып тастап, бүкіл қазақ халқынан кешірім сұрауды, саяси қателіктерін мойындауды талап еткені, әрине үлкен ерлік, қайсар батылдық ретінде ел есінде қалды. Желтоқсан оқиғасы Советтік әкімшіліктің солақай саясатынан жапа шеккен,  ел тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен қазақ жастарының төгілген қанымен келген, қанмен жазылған баға жетпес ұлт тәуелсіздігі.
Баймуратова И.А. к.ф.н. шет ел тілдері кафедрасының аға оқытушысы