ҚазҰУ-дың 90 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, шетелдік қонақтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, білім ордасының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Мерейтойлық шара барысында университет жетістіктері мен халықаралық байланысының дамуы және ғылыми-инновациялық жобаларына арналған көрме ұйымдастырылды.
Көрмеде білім ордасының базасында мұнай-химия, ІТ, медицина, жасанды интеллект, биология, физика, ғарыштық технология, география салалары бойынша жүргізіліп жатқан инновациялық жобалардың нәтижелері баяндалды.
Бүгінде ҚазҰУ базасында 7 ғылыми-зерттеу институты, 140 ғылыми зертхана, 34 ғылыми орталық пен 2 ұжымдық пайдалану зертханасы табысты жұмыс істейді. Университетте жалпы құны 36 млрд теңгені құрайтын 400-ден астам жоба жүзеге асырылуда. 90 жылдық аясында Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орнатылып, өндірістік робототехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығы жаңадан жасақталды. Айтулы жылда «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы бой көтерді. 5 мың шаршы метрді құрайтын хаб креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асырады.
Көрмеден соң іс-шара салтанатты жиынға ұласты. Жиналғандарға еліміздегі көшбасшы жоғары оқу орны туралы «Farabi – 90» тарихи-деректі фильм көрсетілді. Фильмде 1934 жылы ашылған білім ордасының бүгінге дейінгі жетістіктері мен тарихи оқиғалары туралы қапарат берілді.
Салтанатты жиында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев оқу ордасының ғылыми-зерттеу, инновациялық қызметінің нәтижелері мен жетістігіне тоқталды.
«Бүгінгі күннің университет үшін ғана емес, ел дамуындағы тарихи маңызы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек» - деген сөзін университет ұжымы жан-жақты жүзеге асыруда. Қазіргі сәтте университетте 3265 оқытушы-профессор табысты еңбек етуде. Университет жоғары рейтингті журналдарда жарияланған ғылыми мақалалар саны бойынша алдыңғы қатарда тұр. 2024 жылы Scopus-та жарияланған әр алтыншы мақала (17,4 пайызы) ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі. Республика бойынша «Үздік оқытушы» атағын 2024 жылы алған 150 адамның 24%-ы – ҚазҰУ өкілдері. Бүгінгі күні Президент тапсырмасына сәйкес, ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыруды қолға алдық. Бұл – оқытушыларымыз бен студенттеріміздің жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Біздің ұжым өз қызметінде Мемлекет басшысының «Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек» деген сөзін әрдайым басты бағдар етіп келеді», - деді ректор.
Мерейтойлық шарада Ерлан Қарин ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
«Баршаңызды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтаймын. Бұл тұтас білім және ғылым саласының мерейлі белесі. Қазақ ұлттық университеті – еліміздің тұңғыш жоғары оқу орындарының бірі. Қасиетті қарашаңырақ ғасырға жуық уақыт ішінде іргелі білім ордасына айналды. Білікті мамандар ұстаханасы ретінде өзінің бірегей дәстүрін қалыптастырды. Білім ордасы бүгінгі мерейтойына зор жетістіктерімен жетіп отыр. Беделді халықаралық рейтингтерде Орталық Азия аймағындағы ЖОО көшін бастауы соның айқын дәлелі. Студенттерді ғылым мен білімге баулып, олардың бойына адал азаматқа тән қасиетті сіңіру жолында еңбек етіп жүрген университет ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін», - делінген Президент құттықтауында.
Өз сөзінде Ерлан Тынымбайұлы университет 90 жыл бойы жоғары білім мен ғылымның қарашаңырағы бола отырып, түрлі салада білікті кадрларды дайындау жұмыстарын жүйелі жүргізіп келе жатқанына тоқталды. Мемлекеттік кеңесші білім ордасы ғалымдарының отандық ғылымды дамытуға қосып жатқан жұмыстарын жоғары бағалады.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Мемлекет басшысының ұдайы назарында. Соңғы жылдары білім ордасының мәртебесі көтеріліп, даму жолында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Екі жыл бұрын оқу ордасына «Зерттеу университеті» мәртебесі берілді. Бұл үлкен нәтиже, жоғары көрсеткіш. Президенттің тапсырмасымен ҚазҰУ қалашығының ІІ даму кезеңі басталды. Алдағы уақытта жаңа жатақханалар, оқу копустары, инновациялық орталық салынады. Жұртшылық «ҚазҰУ қалашығы» деп атап кеткен қалашықтың ел үшін маңызы зор. Оны «Алматының бренді, тұтас дәуірдің төлқұжаты» - деуге болады», - деді Ерлан Қарин.
Сөз соңында Ерлан Тынымбайұлы Президент жарлығымен университеттің қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сондай-ақ, жас ғалымдарға пәтер сертификатын табыс етті.
Университеттің оқытушы-профессорлар құрамы атынан шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының профессоры Элеонора Сүлейменова сөз сөйледі.
«Бүгінде ҚазҰУ халықаралық рейтингтерде өзінің позициясын жоғарлатып, әлемнің көшбасшы ЖОО-ларымен бесекеге қабілетті. Біз қайта өрлеу дәуірін бастан өткеріп, тез және сапалы түрде жаңарып жатырмыз. Бұл тек қолданыстағы инфрақұрылымды нығайтуға және жаңартуға қатысты емес. Оның ішінде ғылыми жетістіктерді, жаңа жоғары технологиялық өнімдерді, білім беру, академиялық ұтқырлық және қосдиплом бағдарламасын енгізу де жатады. ҚазҰУ – әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде стратегиялық міндеттерді сенімді түрде іске асыра отырып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты түрле үлес қосады», - деді профессор.
Салтанатты шараның соңы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мерейтойына арнайы дайындалған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі