ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫ ПРОФЕССОРЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ

АУЫЛЫНАН ҰЗАП ШЫҚПАҒАННЫҢ АҚЫЛЫ АУЛАСЫНАН АСПАЙДЫ
Атың барда ел таны желіп жүріп. Америкалық әлеуметтанушы Маршал Маклюэн қазақ болса, дәл осы сөзді айнытпай айтқан болар еді. Маршал мырзаңыз кезінде «Ғаламдық ауыл» (global village) терминін ойлап тауып, ғылыми айналымға енгізгені есте. «Ғаламдық ауыл» тұжырымдамасы бойынша заманауи технологиялар арқасында адамдар бүгінде ғаламның қай қиырында болса да жедел байланысып, қажетті ақпаратпен сол заматта алмаса алады. «Ғаламдық ауылдың арқасында қанша жерден жер шалғай болса да көңіл бірге, шет мемлекетте болсаң да мыңдаған шақырым қашық тұрған адамыңмен жақын жерден хабарласқандай сезесің. Осылайша «Ғаламдық ауыл» елдер арасындағы саяси шегараларды жойды. Шегара сызығы тек адамдар санасында ғана. Санамыздағы шекараны жойған абзал.
Бұл ретте Президент «Ana tili» газетінде маңыз бере жауап берген мәселенің бірі – жастардың шетелге шығуына қатысты. Мемлекет басшысы жастардың кәсіби біліктілігін көтеру немесе көбірек табыс табу үшін шетелге шығуы қалыпты нәрсе деп ойлайтынын ашып айтты. Айтуынша, олар үйреншікті мекенін тастап, өмірін күрт өзгертуден қорықпауы керек. Тіршілікке бейім, ширақ болуы керек. Қарым-қабілетің қай жерде қажетке жараса, сонда баруға тырысу керек. Баратын жерің ірі шаһар, бассқа өңір, тіпті басқа ел болуы мүмкін. Қазақта «Жүргенге жөргем ілігеді, жатқанға жан жуымайды» деген бар, деді мемлекет басшысы. Президенттің бұл айтқанымен келіспеске лажым жоқ.
Азаматтарымыз шетелде жүрсе де халқымыздың салт-дәстүрін мен мәдениетін дәріптеп, еліміздің абырой-беделін арттыруға атсалысып, отанына пайдасын тигізе алады. Бұл орайда Президент шетелге шығу «барсакелмеске» кету дегенді білдірмейтінін айқын аңғартты. Ұл-қыздарымыздың жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе жинақтап, еліне қайта оралғаны жөн. Елімізде білікті мамандардың аяғын жерге тигізбей, қағып әкететін салалар көп. Үкіметттің міндеті – олардың өз отанында табысты еңбек етуіне жағдай жасау, - деді Президент.
Прагматикалық тұрғыдан алсақ, жастардың шет мемлекеттерге барып жұмыс істеуі бүкіл әлемде қалыпты құбылыс. Сөзіміз жалаң болмас үшін санайғақ келтірейін. Мәселен, дамыған алпауыт мемлекет дейтін Американың өзінің 7 миллиондай азаматы шетелде тұрады екен. Екінші бір алпауыт Қытайдың 10 миллиондай азаматы шет мемлекеттерде тіршілік кешіп жатыр. Расында да «ғаламдық ауыл» жағдайында әркімнің қай жерде өмір сүрем десе өр еркі. Ол еркіне өзге біреу шектеу қоя алмайды.
Қайткенде де бір нәрсе анық. Шет мемлекетке түбегейлі кетуге шешім қабылдайтындар некен-саяқ. Әлемдік миграция статискасында ондайлардың үлесі жалпы мигранттар санының 5 пайызына да жетпейді. Мәселен, шетелге 100 мың адам кетсе соның соның ары кетсе 5 мыңы ғана шетелде біржола қалып қоюы мүмкін. Қалғаны жағдайын жасап, жаңа технологиялар, жаңа білімді игеріп, түптің түбінде еліне оралады. Сол себептен де өз басым Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан жастардың шетелге шығуынан қорықпауымыз керек деген ұстанымын толық құптаймын.
Қазақтың тағы бір ұлағатты сөзі бар: «есің барда елің тап» деген. Ендеше ел-жер кезіп, танымын арттырған жастар қалай болғанда да кіндік қаны тамған атамекеніне түптің түбінде оралады. Оған тек білігін арттыру үшін уақыт қана керек. Ең бастысы, «Ауылынан аттап шықпағанның ақылы ауласынан аспайды» дейтін қазақы пайымды ескеру керек. Жас кезде бәрін көру керек дейтін біздің ұстанымым да Президенттің «Ana tili» газетінде айтқан нақты пікірімен толық үндес. Шетелде қалып қойғанның өзінде Қазақстанмен байланысты арттыратын жұмыстарда жүргендерді талай естіп-көріп жүрміз. Қалай болғанда да бұл қазіргі жастар туған жер, атамекенінен басыбүтін ажырап қалады дегенді білдірмейді.
Қанат Әуесбай
Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты
СҰҚБАТ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ҰСТАНЫМЫН ТОЛЫҚ КӨРСЕТТІ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатын толық оқып шықтым. Қазақ халқына қатысты маңызды бірнеше мәселеге тоқталды. Қазіргі таңда геосаяси серіктестеріміз - Ресей-Қазақстан, қазақ-қытай ынтымақтастығы нығайып келеді. Ал, алып Америка туралы: «Қазақстанға АҚШ-тың маңызды стратегиялық серіктесі ретінде жақсы қарайтынын сеніммен айта аламын», - деп атап өтті Меилекет басшысы. Аталған үш мемлекет те еліміз үшін аса маңызды серіктес.
Сұхбаттағы қызықты жәйттің бірі - «Орта держава» ұғымы. Бұл туралы Президент былай дейді: «Бүгінде барынша әділ әлем қалыптастыруға деген сұраныс өте жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, орта державалар халықаралық сенім дағдарысын және жауапкершілігі жоғары жаһандық көшбасшыларға деген тапшылықты еңсеру жолында маңызды рөл атқара алады деп ойлаймын. Орта державалар күш-жігерін жұмылдырып, жанжалдасып жатқан геосаяси орталықтардың арасында жаңа әрі мықты дәнекер бола алады. Сол арқылы халықаралық текетірестің қызуын бәсеңдетеді. Мен орта державалар үшін дәл осындай шақ туғанына сенімдімін». Аталған мәселе туралы алдағы уақытта саясаттанушылар өз пайымдарын білдіреді деп санаймын.
Жалпы алғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты халқымыз үшін - бағдар, ішкі және сыртқы саясаттағы Мемлекет басшысының ұстанымы.
Иманбай Жұбай
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, телевизия ардагері
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ СҰҚБАТТА ЕЛІМІЗДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ЖАН-ЖАҚТЫ ТОҚТАЛДЫ
2025 жылдың 3 қаңтар күні еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне сұқбат берді. Мемлекет басшысы бұған дейін де бірнеше рет еліміздің беделді басылымдарында сұқбат берген болатын. Президент ағымдағы сұқбатында 2024 жылға қорытынды жасап, ел экономикасы, халықтың әлеуметтік жағдайы, елдегі заң саласына қатысты өзгерістерге жан-жақты тоқталып, түйткілді мәселелерінің түйінін шешуге қатысты жоспарларына тоқталып өтті.
Журналист тарапынан өткен жылды қорытындылауға қатысты сұрағына Қасым-Жомарт Кемелұлы 2024 жылы ауыз толтырып айтарлықтай біршама жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Мәселен, елдегі инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмстары, 18 миллион жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру, 7 шақырым автокөлік жолын салу, тау-кен, мұнай салаларында жаңа жобаларды іске асыру сынды нәтижелі жұмыстарды және астық жинау саласында да едәуір жетістіктер бар екеніне тоқталды. Сондай-ақ еліміздің әлеуметтік мемлекет екенін баса айтып, ұлттық қордан балаларға қаржы бөліну, әлеуметтік спортқа басымлық беру де өткен жылдың еншісіне тиген елеулі жаңалық екенін айтты.
Журналист тарапынан Президентке өткен жылға қатысты елімізде болған келеңсіз жайттарға қатысты сұрақтар да қойылды. Президент 2024 жыл тек жақсылықтар емес, атап айтқанда су тасқыны еліміз үшін үлкен сынақ болғанын, сондай-ақ болашақта табиғи апаттарға дайын болуымыз керек екенін, бос дабырамен мәселе шешілмейтінін меңзеді. Елдегі қылмыстық істерге қатысты көптеген жаңа заң қабылданғанына тоқталды.
Қазақстан Президентінің сұқбатта еліміздегі ғылым саласына қатысты айтқан пікірі көңілге жылу сыйлады. Елімізде ғылым саласына қатысты өткен жылы көптеген жақсы жаңалықтар болды. Соның ең бастысы - ғылымға көңіл бөлу ғылымды қаржыландыру жалғасын табатын болды.
Гүлназ Машинбаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы, доцент
ПРЕЗИДЕНТ СҰҚБАТТА ҚОҒАМДА ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҚАМТЫДЫ
2025 жылдың 3 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне сұхбат беріп, онда өткен жылдың қорытындылары, ел экономикасындағы, қазақстандықтардың өміріндегі өзгерістер туралы, сондай-ақ өзге де салалар бойынша өзекті мәселелерді шешу жөніндегі жоспарлары туралы айтты. Президент білім беру саласына ерекше назар аударды. Білім беру инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа орта оқу орындарының, балабақшалар мен спорт ғимараттарының салынатыны қуантарлық жаңалық деп білеміз. Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылы біздің елімізде ғылым саласына қатысты көптеген жақсы жаңалықтар болғанын және де ғылымды әлі де қаржыландырылатынына назар аударды. Сонымен қатар, Президент өткен 2024 жылы елімізде Ұлттық қордан балаларға ақша бөлу және әлеуметтік спортқа басымдық беру сияқты жаңашылдықтың пайда болғанын еске салды.
Қорыта айтқанда Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіне берген сұқбатында қоғамда қызу талқыланған мәселелерді қамтыды.
Мұхтар Ешимов
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы, доцент
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ СҰҚБАТЫН КЕЗ КЕЛГЕН ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ ОҚУҒА ТИІС
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ana tili» газетіне берген көлемді сұқбатын оқып шықтым. Президент өз сұқбатында «Мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ету басты мақсат», - деп атап өтті.
Осы орайда Мемлекет басшысының тарихқа әділетті болу керек деген сөзін оқып, болашақта да осы ұстаным қазақ қоғамында мәңгілік жанына серік болса екен деп тілеймін.
Сұқбаттағы маған жаныма жақын болған мәселе бұл жастарға деген сенім білдіргендігі. Қазіргі таңда жастардың мемлекет үшін еңбек етуі, бәсекеге қабілетті бола алуын ашық айтты.
Ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағамдай алатынын жеткізді. Жастардың кәсіби дағдылары артуы үшін де мемлекет тарапынан бірнеше шаралардың іске асып жатқанын тілге тиек етті. Президенттің бұл сұқбатын кез келген Қазақстанның азаматы оқуы тиіс деп санаймын.
Жанна Күзембекова
Түркология және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушысы
МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ЖАСТАРҒА МОЛ МҮМКІНДІК БЕРІЛУД
Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» сұхбатында еліміздегі орын алған маңызды өткен оқиғаларға, бүгінде жалғасып жатқан және болашақта болатын өзекті мәселелерге қатысты сұрақтарға қорытынды жауап берді.
Қазақстан үшін өткен жыл несімен ерекше болды деген сұраққа, Президент өзінің басты мақсаты – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу деп бастады.
Біз білім беру саласында қызмет жасап, жастарға саналы тәрбие, сапалы білім беріп жүрген соң осы тұста қойылған сұрақтарға жауабын ескере кеткен жөн көрдім.
Бір ай бұрын 2025–2027 жылдарға арналған Республикалық бюджет қабылданып, құжатта әлеуметтік бағыт басты мәселе ретінде қаралып, онда денсаулық сақтау, білім беру саласына және әлеуметтік қажеттіліктерге өте қомақты қаржы қарастырылғанын айтты.
Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі болуға толық мүмкіндігі барын жеткізді. Жасанды интеллект технологияларын дамыту керек. Болашағы зор жобалардың бірі - қазақ тілінде ойлап, сараптама жасап, қазақша сөйлесе алатын жасанды интеллект KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Жыл соңына дейін жасанды интеллектінің «Alem.AІ» атты халықаралық орталығы ашылады.
Таяу жылдарда жасанды интеллект өте қарқынды дамып, жұрттың өмір туралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін де түбегейлі өзгертетінін ескерген жөн. Жастарға мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын қолдана білуді үйрету маңызды. Былтыр еліміздің 15 университетінде Google компаниясының жасанды интеллект жөніндегі курстары енгізілді. Осы саланың мамандарын даярлау үшін арнайы бағдарлама әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр (AI-Sana).
Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға айрықша назар аударады. Жас ұрпақты саяси жауапкершілігі жоғары әрі жан-жақты дамыған азамат етіп тәрбиелеу үшін не істеу керек деген сұраққа:
«Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін», –деді Президент.
Мемлекет басшысы жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек екендігін айтып, олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалайтынын жеткізді.
Сонымен қатар жастарымыздың білім қуып немесе жұмыс іздеп шетелге шығуға қатысты пікірін білдірді. Халықаралық «Болашақ» стипендиясы баршаға белгілі. Жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалған. Жыл сайын ҚазҰУ-дың 2000-нан астам студенті шетелдік ғылым және білім беру мекемелерінде тілдік тағылымдамадан, сондай-ақ ғылыми тағылымдамадан өтеді. Университет жыл сайын университеттің 600-ден астам оқытушылары мен әкімшілік қызметкерлері үшін халықаралық конференцияларға, шетелдік жоғары оқу орындары мен ұйымдардың елдеріне шақырулары бойынша кездесулер ұйымдастырады. Шет елдерде жастардың кәсіби біліктілігін көтеру немесе көбірек табыс табуда өмірін күрт өзгертуден қорықпауы керек, тіршілікке бейім, ширақ болуға тиіс. Азаматтарымыз шетелде жүрсе де, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, еліміздің абырой-беделін арттыруға атсалысып, Отанына пайдасын тигізе алады деген Президенттің пікірін қолдаймыз.
Г.А. Койтасова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ СҰҚБАТЫ ЕЛІМІЗДЕГІ ТҮЙІТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ЖАУАП БЕРДІ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» тақырыбында «Ana tili» газетіне берген сұқбатында елімізге маңызды көптеген мәселелер қозғалды. Өзімнің талдауым бойынша ең негізгілеріне тоқталып өтсем:
Біріншіден, алдағы бес жылдықта дамуымыздың берік негізі ретінде жүйелі экономикалық реформалардың қолға алынуы;
Екіншіден, «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі, яғни жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату дұрыс емес, қате түсінік, демократиялы қоғамда ондайға орын жоқ;
Үшіншіден, балалар мен жастардың арасында жаппай тарап, нағыз індетке айнала бастаған вейптерді сатуға және таратуға тыйым салынып, лудоманиямен күреске қатысты заң күшіне енді;
Төртіншіден, халықаралық «Болашақ» стипендиясы, ғылыми тағылымдамалар, ғылыми жобаларды қаржыландыру мемлекет тарапынан қолдау тапты. Жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орталықтарда тәжірибе жинақтауына жағдай жасалды және жалғасын табуда.
Әсіресе, жастар арасында кең тараған, болашақ ұрпақтың денсаулығына зиянын келтіретін вейптерді сатуға, жас отбасылардың шаңырақтарын ойран қылатын құмар ойындарға (лудомания) тыйым салынғаны ерекше қуантады.
Жоғарыда аталған маңызды шаралар жүзеге асып, өз жалғасын таба берсе еліміз өркендеген мемлекетке айналып, өз даңғыл жолымен көш бастар деген сенімдемін.
Жарас Таубаев
Түркітану және тіл теориясы кафедрасының PhD докторы
ПРЕЗИДЕНТ СҰҚБАТЫНАН ХАЛЫҚ КӨПТЕГЕН ӨЗЕКТІ САУАЛҒА ЖАУАП ТАПТЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты «Ana tili» газетіне берген сұқбаты еліміздің барлық жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлар құрамы мен мемлекет тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір азаматтың қызығушылығын тудырды деп ойлаймын.
Президент өз сұқбатында 2024 жылдың негізгі оқиғалары мен алға қойылған мақсаттардың орындалу барысын қорытындылап, елде жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларға баға берді:
«Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр», - деп атап өтті.
Әсіресе, жоспарлардың орындалуымен қатар жіберілген кемшіліктерді ашық атап өтуі сұқбаттың шынайылығы мен маңыздылығын айқындай түсті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өркендеуі үшін экономикалық дамудың нақты қадамдарын айқындау және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, даму жолдарын қарастыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Бұл мәселеге сындарлы көзқарас білдіруі оның терең ойластырылған стратегиясын көрсетеді.
Сұқбат соңында Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі мен әлеуметтік әл-ауқатын мемлекет өз жауапкершілігіне алатынын, ал еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға атсалысуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұл – біздің ортақ және маңызды міндетіміз.
Қортындылай келе еліміздің егемендігі мен экономикасын нығайту – жарқын болашаққа апарар ортақ мақсатымыз екенін түсініп, оған үлес қосу әр азаматтың парызы екені анық.
Назия Тасилова,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы
ПРЕЗИДЕНТ СҰҚБАТЫ – БОЛАШАҚҚА БАҒДАР
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты «Ana tili» газетіне берген сұқбатын еліміздің барлық ЖОО-ның оқытушы-профессорлар құрамымен және мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңіне алаңдайтын әрбір азамат аса ыждаһаттылықпен оқып, өз ойын түйді деп білемін.
Мемлекет басшысы 2024 жылдың айтулы оқиғалары мен қойылған мақсаттардың орындалуы туралы қорытынды жасады. Президентіміздің елдегі жоспарлы бағдарламалардың орындалуымен қатар түйіткілді мәселелерге тоқталуы көңілге қонымды әрі шынайы сұхбаттың көрінісі болды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекетіміздің көркеюі үшін экономикалық салада дамудың нақты қадамдарын белгілеуді және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, дамудың жолын қарастыруды басты назарға алу қажеттілігі туралы ойын сынмен білдірді.
Сұқбат соңында Президент Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі мен әлеуметтік дамуын Мемлекет өз жауапкершілігіне алатындығын, ал еліміздің барлық азаматы Қазақстан брендін жасау үшін қызмет етуі - біздің ортақ маңызды миссиямыз болуы қажет деп тұжырымдады.
Демек, жарқын болашағымыз үшін Еліміздің егемендігі мен экономикасын нығайту сіз бен біздің ортақ ісіміз екенін толық түсіну және қызмет ету азаматтық парызымыз!
Сафура Қалдыбаева,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы
«ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ЕҢ ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕСІ - ЗАҢНЫҢ САЛТАНАТ ҚҰРУЫ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі ішкі және сыртқы саяси оқиғаларға баға беріп, 2024 жылы елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылады. Бұл ережелерді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылғы 3 қаңтарда «Ana tili» газетіне берген сұқбатында айтты.
Бұл сұқбат көптеген жағынан ерекшеленеді. Мұнда еліміздегі басты өзгерістер көрсетілген. Президент берген сұқбаттағы басты тезисттерді атап өткім келеді.
Біріншіден, елдегі билік шоғырландырылуы керек. Екіншіден, Президент - белгілі бір мерзімге жалданған мемлекеттік менеджер. Үшіншіден, жоғары мемлекеттік лауазымдарға кандидаттарды, оның ішінде күш органдарының басшыларын мұқият іріктеу қажет, олар Отанына, яғни Қазақстан Республикасына адал қызмет етуі тиіс.
Төртіншіден, «Әділдік» қағидатын барлық жерде енгізу, «заң және тәртіп» тұжырымдамасы негізінде халықтың бірлігін сақтау қажет. Әділетті мемлекет – бұл барлық азаматтар заң алдында тең болатын құқықтық мемлекет, онда барлығы тең және ережелер мен заңдарды қатаң сақтауға міндетті.
Бесіншідене, Қазақстан әлемдік аренада өз позициясын айтарлықтай нығайтты. Бұл еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты экономиканың дамуына оң әсер етеді. Еліміздің географиялық орналасуы, экономикалық әлеуеті, қазіргі геосаяси тұрғыдан стратегиялық маңызы бар екенін атап өткім келеді. Сондықтан да бүгінде Қазақстан көптеген елдермен достық қарым-қатынас орнатып, әріптестік байланысты арттырып келеді. Қазақстан «Орта держава» - деп аталады. Біздің ел БҰҰ-ның «Бүкіл адамзаттың ортақ үйі» ретінде дәйекті жақтаушысы болып табылады.
Алтыншы, Президент ерекше назар аударған тағы бір мәселені атап өтемін. Бұл мемлекеттік биліктің саяси жүйесін таңдау туралы. Мемлекеттік биліктің қайнар көзі - халық. Тиісінше, жауапты шешім бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдануы керек. Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы бүгінде Қазақстанның саяси жүйесінде көрініс табуда.
ҚР Президентінің басты мақсаты – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық ұстанымын нығайту. Үкімет жұмысының басты критерийі - азаматтардың әл-ауқаты, экономиканың орнықтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, нақты сектордың серпінді дамуы, еңбек өнімділігінің өсуі, сапалы жұмыс орындарының ұлғаюы.
Осылайша, Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағын заң жеңіске жеткен мықты мемлекет ретінде көреді. Бұл ретте мұндай мемлекеттің азаматтары жоғары құқықтық мәдениетке ие болуға тиіс.
Алуа Ибраева,
Заң ғылымдарының докторы, профессор
ЕРЕКШЕ ӘСЕР ЕТКЕН ҰСТАНЫМ
Ел Президенті «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында «Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алады. Оған мүмкіндігіміз толық жетеді. Ол үшін жасанды интеллект технологияларын дамыту керек. Болашағы зор жобалар қазірдің өзінде бар. Мысалы қазақ тілінің KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Бұл – қазақ тілінде ойлап, сараптама жасап, қазақша сөйлесе алатын жасанды интеллект. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді» – деді.
Бұл әлеуетті жобаға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғалымдары белсене ат салысып жатқанын атап өткім келеді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырзаның бастамасымен қолға алынған жобаның «Қоғаммен байланыс» бағыты бойынша ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ағылшын тілін меңгерген ғалымдары жұмыла еңбек етті.
Еліміздің түркі халықтары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ортақ тарихи-мәдени бай мұрамызды насихаттау ісінде әрқашанда белсенділік танытып отырғаны да шындық. Осы орайда мемлекет басшысы: «Қазақстан осы ұйымның төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын ұсынды. Бұл аббревиатура өзара қарым-қатынастың дәстүр (Traditions), унификация (Unification), реформалар (Reforms), білім (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) сияқты сегіз басымдығын білдіреді. Осы басымдықтарды Түркі мемлекеттері ұйымы ғана емес, бүкіл түркі әлемі қызығушылықпен қабыл алды. Қазақстан түркі дүниесін біріктіруді көздейтін барлық жасампаз бастаманы қолдайды, Ресейдің «Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты тұжырымдамасына да жақсы қарайды», - деген пікірімен бөлісті. Бұл пікірді дипломатияның білгірі ғана айта алатынын мойындауымыз керек.
Бұл бағытта да журналистика факультетінің ұжымы жүйелі жұмыстар атқаруда. Мәселен екі ай бұрын ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың қатысуымен «ТҮРКСОЙ медиа білім беру және зерттеу» орталығы ашылды.
Қазіргі таңда «дәстүрлі БАҚ өміршеңдігін жоғалта бастады» деген пікірдің жиі айтылатыны рас. Осы орайда Президентіміз өзінің пікірін батыл айтты: «Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді».
Біздің ұлттық мүддені бәрінен биік қоятынымыз анық, осы орайда кәсіби білімім журналист болғандықтан, мемлекет басшысының «Осы сұхбатты сіздердің басылымдарыңызға беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді» - деген ұстанымы маған ерекше әсер еткенін жасырмаймын.
Орынтай ОШАНОВА,
ЮНЕСКО-ның журналистика және
коммуникация кафедрасының меңгерушісі
ҮНДЕУ ІСПЕТТЕС БАҒДАРЛАМАЛЫҚ СҰХБАТ
Мемлекет басшысы өткен жылдан бері жақсы бір дәстүрді бастады. Ол жыл басында қазақ тілді басылымға сұхбат беру дәстүрі. Өткен жылы «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берсе, биыл «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүністің сауалдарына жауап берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел көкейінде жүрген көптеген түйткілді мәселелерді жан-жақты қозғады. Өз ойында жүрген жайттарды да еркін қамтыды. Еліміз экономикасының өсіп-өркендеп келе жатқанына нақты дәйекті мысалдармен тоқталды. Баға жетпес Тәуелсіздігіміздің іргесін бұрынғыдан да нығайту үшін істеліп жатқан саяси реформалардың мән-маңызын қарапайым жұртқа түсінікті тілмен пайымдап берді.
«Күшті Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының арқасында халықтың әлеуметтік ахуалын көтеруге баса назар аударылып отырғаны да көңілге демеу.
Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын кеңейту туралы ойы көпшілік көңіліне қонымды ой салды деген пікірдемін. Мемлекет басшысының: «Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді», – деді. Сол сияқты, «дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады. Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек».
«Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады», – деген ойлары көңілге нық сенім орнатады.
Өз басыма Президенттің қазақ тілді басылымдарға айрықша көңіл бөлетіндігі ерекше ұнады. Оған Мемлекет басшысының мына сөздері дәлел: «Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. «Ана тілi» газетін де тұрақты оқып тұрамын. Мен мәліметті телевидение, интернет, әлеуметтік желі сияқты сан алуан ақпарат көздерінен аламын. Бұдан бөлек, күн сайын түрлі мекемеден материалдар келіп түседі. Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді», – деді
Президент өзі атап көрсеткеніндей, бұл сұхбат Мемлекет басшысының өткен жылды қорытындылап, жаңа жылға жасалған жоба-жоспарын жинақтап, ел-жұрттың көкейінде жүрген мәселелерге сарапта деңгейінде жауап берген арнайы үндеу іспеттес бағдарламалық сұхбаты болды. Ол сонысымен де құнды. Әрбір Қазақстан азаматы өзін толғандырып жүрген жайттарға жауап табатын мұндай сұхбаттың маңызы зор.
Бауыржан ЖАҚЫП,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,
академик
Басқа жаңалықтар

