Әлеуметтік мемлекеттің экономикалық және дербестік әлеуеті туралы сұхбат

5 қаңтар, 2025

Президент «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында «Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алады. Оған мүмкіндігіміз толық жетеді. Ол үшін жасанды интеллект технологияларын дамыту керек. Болашағы зор жобалар қазірдің өзінде бар. Мысалы қазақ тілінің KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Бұл – қазақ тілінде ойлап, сараптама жасап, қазақша сөйлесе алатын жасанды интеллект. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді» - деді. Бұл әлеуетті жобаға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғалымдары белсене ат салысып жатқанын атап өткім келеді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырзаның бастамасымен қолға алынған жобаның «Қоғаммен байланыс» бағыты бойынша ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ағылшын тілін меңгерген ғалымдары жұмыла еңбек етті.
Еліміздің түркі халықтары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ортақ тарихи-мәдени бай мұрамызды насихаттау ісінде әрқашанда белсенділік танытып отырғаны да шындық. Осы орайда мемлекет басшысы: «Қазақстан осы ұйымның төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын ұсынды. Бұл аббревиатура өзара қарым-қатынастың дәстүр (Traditions), унификация (Unification), реформалар (Reforms), білім (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) сияқты сегіз басымдығын білдіреді. Осы басымдықтарды Түркі мемлекеттері ұйымы ғана емес, бүкіл түркі әлемі қызығушылықпен қабыл алды. Қазақстан түркі дүниесін біріктіруді көздейтін барлық жасампаз бастаманы қолдайды, Ресейдің «Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты тұжырымдамасына да жақсы қарайды» - деді. Бұл пікірді дипломатияның білгірі ғана айта алатынын мойындауымыз керек.
Бұл бағытта да журналистика факультетінің ұжымы жүйелі жұмыстар атқаруда, мәселен екі ай бұрын ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың қатысуымен «ТҮРКСОЙ медиа білім беру және зерттеу» орталығы ашылды.
Қазіргі таңда дәстүрлі БАҚ өз өміршеңдігін жоғалта бастады деген пікірлердің жиі айтылатыны рас, осы орайда Президентіміз өзінің пікірін батыл айтты: «Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді». 
​Біз, қазақ елінің өкілдері болғандықтан әрқашанда өз ұлтымыздың мүддесіне қызмет ететініміз жария мәселе, осы орайда кәсіби білімім журналист болғандықтан, мемлекет басшысының «Осы сұхбатты сіздердің басылымдарыңызға беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді» - деген ұстанымы менің көңіл көзіммен түйсінер пікір болғанын жасырмаймын. Абайша айтсақ:
Білімдіден шыққан сөз 
Талаптыға болсын көз
Нұрын, сырын көруге
Көкірегінде болсын көз.
                                                                             Орынтай Ошанова,
ЮНЕСКО-ның журналистика және
коммуникация кафедрасының меңгерушісі,