Президенттің халыққа арнайы Үндеуі іспеттес бағдарламалық сұхбаты
Өткен жылдан бастап, Мемлекет басшысы жақсы бір дәстүрді бастады. Ол - қазақ тілді басылымдарға жыл басында беретін сұхбаты. Өткен жылы “Егемен Қазақстан” газетіне сұхбат берсе, биыл “Ана тілі” газетінің бас редакторы, талантты ақын Ерлан Жүністің сауалдарына жауап берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел көкейінде жүрген көптеген түйткілді мәселелерді жан-жақты қозғады. Өз ойында жүрген жайттарды да еркін қамтыды. Еліміз экономикасының өсіп-өркендеп келе жатқанына нақты дәйекті мысалдармен тоқталды. Баға жетпес Тәуелсіздігіміздің іргесін бұрынғыдан да нығайту үшін істеліп жатқан саяси реформалардың мән-маңызын қарапайым жұртқа түсінікті тілмер пайымдап берді.
”Күшті Президент - Ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет” тұжырымдамасының арқасында халықтың әлеуметтік ахуалын шешуге баса назар аударылып отырғандығы да көңілге серпін береді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын кеңейту туралы ойлары көпшілік көңіліне ұя салды деген пікірдемін. Мемлекет басшысының: “Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Сөз арасында айта кетейін, дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады. Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек.
Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады”, - деген ойлары көңілге нық сенім орнатады.
Өз басыма Президенттің қазақ тілді басылымдарға айрықша көңіл бөлетіндігі ерекше ұнады. Оған Мемлекет басшысының мына сөздері дәлел: “Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. «Аna tili» газетін де тұрақты оқып тұрамын. Мен мәліметті телевидение, интернет, әлеуметтік желі сияқты сан алуан ақпарат көздерінен аламын. Бұдан бөлек, күн сайын түрлі мекемеден материалдар келіп түседі. Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді.”
Президент өзі атап көрсеткеніндей, бүл сұхбат жай сұхбат емес, бұл Мемлекет басшысының өткен жылды қорытындылап, жаңа жылға жасалған жоспарларды жинақтап, ел-жұрттың көкейінде жүрген мәселелерге сараптамалық түрде жауап берген халыққа арнайы Үндеуі іспеттес бағдарламалық сұхбат. Ол сонысымен де құнды. Әрбір Қазақстан азаматы өзін толғандырып жүрген жайттарға жауап табатын мұндай сұхбаттың маңызы зор.
Бауыржан Жақып,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,
Академик