Айқын

19 желтоқсан, 2015

Плазмамен біте қайнасып кеттік

Биылғы жыл ұлттық ғылым, оның ішінде, физика саласының ғалымдары үшін өте табысты жыл болды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі Жарлығымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының бір топ ғалымдары ұлттық ғылымдағы тамаша жетістіктері мен ізденістері үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанғанын өткен нөмірімізде хабарлағанбыз. Олардың арасында «Плазманың кванттық және коллективтік қасиеттері: жаңа технологиялардың теориялық негіздері» тақырыбындағы жұмыстар циклі бойынша ғылыми ізденіспен айналысқан топтың мүшесі, жас физик-ғалым Сандуғаш Құлмағамбетқызы Қоданова да бар. Ғалым бізге ғылыми еңбектің ұлттық ғылымды дамытуға тигізер пайдасы мен маңызы туралы айтып берген еді.

Сандуғаш ҚОДАНОВА, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Эксперименттік және теориялық физика ҒЗИ-дің жетекші ғылыми қызметкері, физика-математика ғылым-дарының кандидаты, профессор:

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» cтратегиясының негізгі міндеттерінің бірі болып саналатын инновациялық зерттеулерді дамыту үшін сөз жоқ, әлемдік деңгейдегі ғылым қажет. Бұған қоса, Қазақ елінің дүниежүзіндегі аса дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуы үшін ұлттық ғылым әлемдік деңгейде болуы керек. Қазақстанда дамыған ғылымның кейбір бағыттарының шын мәнінде, әлемдік деңгейге қол жеткізгенін айтқанымыз жөн. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтында негізделген Қазақстанның плазма физикасы бойынша ғылыми мектебі әлемдік ғылыми қоғамдастықта өзінің іргелі нәтижелерімен кеңінен танымал. Әлемдік деңгейдегі Томсон Ройтерс базасы бойынша қазақстандық физиктер - плазма зерттеушілер жұмыстарына жоғары импакт-факторлы жетекші әлемдік ғылыми журналдарда шетелдік ғалымдармен бірлесіп екі мыңнан астам сілтемелер жасап, бұл көрсеткіш еліміз бойынша озықтар қатарында саналуда. Сонымен қатар Халықаралық ұйымдастыру комитетінің шешімімен 30 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында Алматы қаласында идеал емес плазма физикасы бойынша 15-халықаралық конференцияның өткізілуі - қазақстандық ғалымдардың еңбегінің әлемдік ғылыми қоғамдастықта жоғары деңгейде мойындалғандығының нәтижесі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ғылым мен техника саласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болған «Плазманың кванттық және кол-лективтік қасиеттері: жаңа технологиялардың теориялық негіздері» (авторлары: М. Ғабдуллин , К. Жұмағұлова, М.Досболаев, С.Қоданова, Т.Қожамқұлов, Т.Рамазанов) деп аталатын ғылыми ізденіс жұмыстарының топтамасы күрделі құрамды (классикалық, квазиклассикалық, жартылай йондалған, термоядролық, тозаңды және кварк-глюонды) плазма физикасындағы өзекті мәселелерді теориялық зерттеулерге арналған.

Жұмыста күрделі құрамды плазманың іргелі қасиеттерін зерттеу негізінде түрлі экономикалық салаларға арналған қазіргі заманғы плазмалық технологиялардың ғылыми негіздерін жасақтау жолдары келтірілген. Жалпы алғанда, бұл жұмыс - теориялық және эксперименттік әдістер негізінде кварк-глюонды плазмадан бастап, тозаңды плазмаға дейін барлық көрсетілген плазма түрлерінің қасиеттері зерттелетін маңызды практикалық қолданысқа ие іргелі ғылыми еңбек болып табылады.

Қазақстандық физик ғалымдардың осы ғылыми жұмысы материяның төртінші күйі - плазманы зерттеуге арналған. Бізге көрінетін әлем бөлігінің 99 пайызы жұлдыздарда, газ тұмандықтарда, жұлдызаралық және планетааралық кеңістікте кездесетін плазмалық күйде болатынын көпшілік біле бермесе де, оларға күнделікті өмірде плазмалық теледидарлар, плазмалық экрандар және т.б. жақсы таныс.

Әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында плазманың қасиеттерін зерттеуге жоғары қызығушылықтың болуы, оның маңызды практикалық қолданбаларының болуымен байланысты. Өйткені қазіргі уақытта көптеген жоғары технологиялар плазмалы (чиптер өндірісі, нанотехнология, жаңа материалдар, биотехнологиялар және т.б.).

Космосты тереңірек игеру және алыс-жақын ғаламшарларға сапар шегу адамзаттың алдында өте үлкен мәселелерді туындатып отыр. Бүгінгі таңда космосқа шығуға қолданылатын негізгі отын түрлері химиялық және Күн энергиясы, олардың да ресурстары шектеулі екені белгілі. Әдетте, мұндай реакторларда уран плазмасы U(235) немесе уранның фтормен қосындысы қолданылады. Ал ұсынылып отырған кешенді технология газ күйлі ядролық реакторларда фторлы уран плазмасының құрамына талдау жасауға және оның термодинамикалық қасиеттерін зерттеуге арналған. Соңғы жылдары көптеген ғалым-зерттеушілер жоғары қысым мен температура беретін жоғары концентрациялы энергиялы заттар күйін зерттеуге үлкен көңіл бөлуде. Қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі - энергетика мәселесі. Қазірдің өзінде адамзат қазбалы отындардың сарқылуына кездесіп отыр. Осыған байланысты көптеген мәселелердің ішінде ерекше зерттеулерге алынған бағыттың бірі - ауыр йондар шоғымен жүзеге асы-рылатын инерциялы термоядролық (ИТС) синтез. Термоядролық синтездің инерцияны ұстап тұруын жүзеге асыру кезінде жанар-жағармайдың энергетикалық сипаттамаларын жақсарту технологиясы практикалық тұрғыдан маңызды болып табылады. Себебі келешекте қолданбалы отын қоры таусылған кезде (немесе тапшы болғанда) термоядролық синтез энергетика мәселесін шешудің маңызды көзі болмақ.

Біздің ғылыми топтың жетекшісі, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, физика ғылымдарының докторы, профессор Т.Рамазановтың жетекшілігімен жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелері алыс және жақын шетелдердегі әріптестеріміздің зерттеулері үшін ғылыми негіз болды. Қазіргі күні шетелдердің бірқатар жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында біз ұсынған модельдер негізінде күрделі құрамды плазманың қасиеттерін зерттеу мақсатында арнайы топтар жұмыс істеуде. Мұны осы ғылыми жұмысқа берілген халықаралық сілтемелердің ерекше көп екендігімен түсіндіруге болады. Сондай-ақ бұған осы жұмыс авторларының ғылыми ізденістеріне Thomson Reuters базасында 100-ден аса ғылыми еңбектердің жариялануы және екі мыңнан аса сілтеме жасалуы, ғылыми жұмыс авторларының Хирша сілтемесінде жоғары индекске ие болуы дәлел. Осындай әлемдік деңгейдегі жұмыстардың болуы еліміздің экономикасының жаңа инновациялық дамуына ықпал тигізетіні хақ.