Әл-Фараби трактаттарындағы «Тәрбие тұжырымдамасы»

10 қаңтар, 2025

Біз бүгінде жаңа ин­тегралды-инновация­лық қоғам құру жолына түстік. Бұл ХХІ ғасырда ғаламның жаңа тол­қын­ға – білім, ноосфе­ра кезеңіне (7-ші фор­мация) көшуі дегенді білдіреді. Яғни 7-ші формация – ізгі­лікті қоғамға көшу деген сөз. Адамзат баласының осы ізгі қоғам құруы­ның алғышарты әлем­дік заңғар тұлға – Әбу Насыр әл-Фараби трак­таттарында сонау орта ғасырда-ақ терең тәпсірленген. 

Көрнекті ойшыл әрі педагог әл-Фарабидің еңбектерінде бі­лім беру траекториясы мен тәр­бие категориясы ұш­тас­ты­рыла беріледі. Ғұламаның кең тараған «Адамға ең бірінші бі­лім емес, тәрбие керек. Тәр­бие­сіз берілген білім – адам­заттың қас жауы. Білім тәр­­биесіз берілсе, оның өмі­ріне апат әкеледі» дейтін әйгілі сөзін ұстаздар қауымы жіті бас­шылыққа алып, тәрбие тө­ңі­регіндегі ойларын бала сана­сы­на сіңіруіміз керек. Ойшыл­дың бұл гуманистік идеясының астарында адам баласының аһлақтық қасиеттерін дамы­ту­ға бағытталған интеллек­туал­ды және моральдық дағды­лар­ды біріктіретін тәрбие туралы тұ­жырымдары жатыр. Ғалым адамға берілетін тәрбиенің мақсаты оның бойындағы ізгі қасиеттерін дамыту, қоғамның игілігі үшін қызмет ететін тұл­ғаға айналдыру деп түсіндіреді. Яғни тәрбиені адамның жеке тіршілігіндегі және қоғамдық өміріндегі негізгі құндылық­тар­дың бірі деп есептейді.

Бүгінгі таңда жастар ара­сында суицид, әлімжеттік, аг­рес­сия, үлкенді сыйламау, со­ның кесірінен қарттар үйінің кө­беюі, ажырасу мәселесі, құ­мар ойындарға тәуелділік, нем­құрайдылық, ұлттық құн­ды­­лықтарды мансұқтау т.б. жайт­­тар белең алып отырғаны жа­сырын емес. Осының барлы­ғы­ның түп төркіні тәрбиеге келіп тіреледі. Алдын алу үшін не істеуіміз керек деген сұ­рақ­қа қоғам болып жауап ізде­ге­німіз жөн.

Демек, біздің оқыту үде­рі­сіндегі міндетіміздің бір бағы­ты да білім берумен қатар, шә­кірт санасына тәрбиені де сы­налап енгізу болмақ. Өйткені бала бойына ізгілік, адам­гер­шілік сынды моральдық құн­ды­лықтардың дәні білім ор­да­ла­рының қабырғасында егіледі. Ізгі тәрбие берудің тетігін із­де­генде бабалар даналығына ден қою қажеттігін сезінеміз.

Ендеше ғалымның тұлға қа­лыптастыру парадиг­масын­да­ғы тұжырымдарын Ізгілік → Бақыт →Ақыл-парасат→Тәрбие (мораль)→Тәрбиелеуші (кемел адам) тұлғасы моделінде көр­се­тейік.

Ізгілік. Әл-Фараби «Ізгілік – адам жан дүниесінің таза­лы­ғы мен жүріс-тұрысының дұрыс болуы», «Ізгі қалада адамдар бір-біріне көмектесіп, бақытқа жету жолында бірігуі керек», «Із­гіліктің негізі – ақыл мен әділ­дікте» дей отырып, «Адам­ның ең жоғары жетістігі – із­гілікке тәрбиеленуі» деген тұ­жы­рым жасайды.

Бақыт. Ізгі қоғам құрылған жерде бақытқа жету оңай дейді. Бақытқа жеткізетін жол – ақыл, парасат деп көрсетеді. «Бақытқа жету үшін адам ақыл-парасат пен ізгілікті бойына сіңіруі қажет. Бұл қасиеттер тек дұрыс тәрбие арқылы қалып­та­сады» деп түйіндейді.

Ақыл-парасат. «Ақыл мен тәрбие бір-бірін толықтырады. Ақыл – білім береді, ал тәрбие – мінез-құлықты қалыптас­ты­ра­­ды». Оның еңбектеріндегі ба­с­ты мақсат – адам баласын бақытқа жеткізетін ақылы то­лыс­­қан, білімді, ізгі адамды тәр­­биелеу. Ал ақыл-парасатты бо­­лудың жолы да дұрыс тәр­бие­­ленуде жатыр деп есеп­тейді.

Тәрбие (мораль). Әл-Фа­ра­би еңбектерінде тәрбие тек жеке тұлғаны емес, бүкіл қо­ғам­ды жетілдірудің негізі ре­тін­де көрсетіледі. «Тәрбие адам­ның мінез-құлқын түзетіп, оның рухани жетілуіне ықпал етеді». Адамның бойындағы қайырымдылық, ізгілік, ақыл-парасат сияқты қасиеттер тек дұрыс тәрбие мен білім арқылы қалыптасады.

Тәрбиелеуші (кемел  адам) тұлғасы. Ұлы педагог «Тәрбие­нің негізін қалаушы – ұстаз» дей отырып, «Ұстаз – білім мен тәрбие беретін адам ғана емес, ол адамгершілік пен мі­нез-құлықтың да үлгісі болуы тиіс» деп, оның білімнің ғана емес, адамгершілік пен мо­раль­дың да жетекшісі болу ке­ректігін баса нұсқайды. Ұс­таздың өзі кемел адам болуы қажет деп, мұғалімнің рөлін аса биік бағалайды.

Сондай-ақ әл-Фараби адам­ның өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі жетілдіру қабілетін негізгі қасиеттердің бірі деп санайды. «Адам өз-өзіне тәр­биеші бо­лу­ға ұмтылуы керек, себебі өзінің рухани күштерін же­тілдіру – ең жоғары мін­дет­тер­дің бірі», «Тәр­биелі адам қо­ғам үшін де пайдалы болады, өйткені ол әді­летті және мейі­рім­ді бо­ла­ды», «Адам өз бо­йын­дағы кем­ші­ліктерін түзету үшін өзін-өзі тәрбиелеуі керек» («Қайырым­ды қала тұрғын­да­рының көзқа­рас­тары») деп, өзін-өзі жетіл­ді­рудің қағидат­та­рын көр­сетеді.

Демек, «Адам баласының ең жоғары мақсаты – кемел­дік­ке жету». Олай болса, жеке тұл­ғаның өзін-өзі жетілдіруі а­р­қылы қоғамның да кемелдікке жетуі мүмкін. Кемелдену үшін адам мынадай тәрбие ке­зең­дерінен өтеді: 1) Балалық шақ; 2) Жасөспірімдік уақыт; 3) Ере­сектік кезең. Осының екеуінде тәр­биені неғұрлым ерте бас­та­ғанды ұтымды санап, қатаң (өктем) және жұмсақ әдістерді пайдалануды ұсынады. Бұл ара­да «...Ұстаз тым қатал да бол­мауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені аса қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру оның қадірін кетіреді» деп, «алтын ара­лық­ты» ұстануына бағдар береді.

Сонымен әл-Фараби тәр­бие­ні тек жеке тұлғаның ғана емес, қоғам гүлденуінің негізі деп қарастырады. Сондықтан өркениетке жету жолында білім-ғылым, ақыл-ой, даналық (хикма), бақыт (саадат), ізгілік (фадила), әділеттілік (адл), та­тулық пен ынтымақтық, қайы­рым­дылық (хайр) сынды ак­сиологемалар қоғам өмірінің рухани құндылықтарын айқын­да­са, қайырымды қала, идеал­ды қоғам, идеалды ұстаз (бас­шы), бірлік идеологемалары адам баласын ортақ игілікке жет­кізуді көздейтін терең идея­лар жүйесін құрайды.

Жалпы, тәрбиенің тұжы­рым­­­­­дамалық негіздері жал­пы­адамзаттық және ұлттық құн­дылықтарды қамтитыны бел­­­гілі. Ұлттық тәрбиенің бас­тауы да адамзаттық ақыл-ой көшінен керуен тартады. Із­гі­лікті дамыған қоғамда өмір сү­ре­міз десек, мықты ұлттық идео­­логия керек. Ал ұлттық идео­­логияның негізі әл-Фа­ра­би бабамыз негізін салған түр­кілік тәрбиеден бастау алары сөз­сіз.

Сондықтан бүгінгі таңда «Түр­­­кілік тәрбие» антология­сы­ның жазылуы да, «Біртұтас тәр­бие» бағдарламасының қол­­ға алынуы да білімді, адам­заттық құндылықтар мен за­ма­науи игіліктерді игерген, ұлт­тық код­ты бойына сіңірген ұр­пақ тәр­биелеу жолындағы жұмыс­тар­ға жатады.

Қорыта келгенде, ұлы ой­шыл, ғалым, философ, Екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фараби еңбектерінде «Тәрбие кодексінің» негізі қаланады. Бі­лім алушының тұлғалық да­муын­дағы метакогнитивті дағ­дыларын қалыптастыру ғалым трактаттарынан бастау алады. Оның тәрбие туралы айтқан ойлары бүгінгі күні де өзекті. Демек, Фараби педагоги­ка­сы­ның өміршеңдігі адамзаттық асыл мұраттарға негізделуінде жатыр.

Алтынай ТЫМБОЛ,

А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті,

ф.ғ.д.