ҚазҰУ-да атом саласы бойынша ОӘБ отырысы өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Атом саласы үшін кадрлық әлеуетті қалыптастыру: мамандарды даярлаудағы заманауи сын-қатерлер мен инновациялық тәсілдер» тақырыбында «Физика және химия ғылымдары» бағыты бойынша кадрлар даярлау жөніндегі оқу-әдістемелік бірлестіктің отырысы(ОӘБ) өтті.
Іс-шара жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім Комитетінің, ҚР Энергетика министрлігінің, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының, Ядролық физика институтының, ҚАЭС ЖШС, ҚР Ұлттық ядролық орталықтың, Ядролық технологиялар қауіпсіздігінің ғылыми-техникалық орталығының, Қазақстанның ядролық қоғамының, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, Шәкәрім атындағы университеті, С. Аманжолов атындағы ШҚУ, АЭжБУ, МИФИ ғылыми-зерттеу ядролық университетінің Алматы филиалы, Astana IT университеті және т. б. ұйымдардың қатысуымен өтті.
Қатысушыларды құттықтай отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов елдегі атом саласының белсенді дамуына орай, осы бағытта тиімді жұмыс істеуге, ядролық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және инновациялық технологияларды әзірлеуге қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлау қажеттігін атап өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультеті базасында ядролық физика және технологиялар саласындағы ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламалары үшін платформа құра отырып, атом саласы үшін кадрлар даярлауда шешуші рөл атқарады. Университет халықаралық ғылыми-білім беру орталықтарымен белсенді ынтымақтасады.
ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры Ғұмар Серғазин сөз сөйледі. Ол Қазақстан уран өндіру бойынша көшбасшылардың бірі бола отырып, ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық бастамаларға белсенді қатысатынын атап өтті. «Сала қызметкерлері республиканың тәуелсіздігін нығайтуға баға жетпес үлес қосуда, ал ғылыми оқу орындары технологияларды дамытуда. Біз атом электр станциясының құрылысын тек электр энергиясы тапшылығын ғана емес, экономикалық тұрақтылықты арттыруға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретінін түсінеміз. АЭС салу жобасын іске асыру тек заманауи реформаларды енгізуді ғана емес, сонымен қатар оларды жобалау мен салуға атсалысатын білікті мамандарды қажет етеді. Құрылыс жобаны бастау үшін 5000 білікті маман қажет болады», – деді Ғ.Серғазин.
Отырыста «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикиннің, ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің атом энергетикасы басқармасының басшысы Жанайдар Тоқсабаның, «Ядролық физика институты» РМК жетекші ғылыми қызметкері Данияр Жансейітовтің, «Ядролық физика институты» РМК BBP-K кешені бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаевтың және т.б. баяндамалары тыңдалды.
Отырысқа қатысушылардың пікірінше, АЭС салу Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтады және 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық стратегиясын іске асыру жолындағы негізгі қадам бола отырып, ел экономикасы үшін елеулі мультипликативтік әсер әкеледі.
Кеңейтілген отырыстың жұмысы екі секция бойынша өтті, онда пәнаралық, цифрлық технологияларды қолдануға, сондай-ақ радиациялық қауіпсіздік және ядролық инженерия саласындағы құзыреттерді дамытуға баса назар аударылды. Сонымен қатар қатысушылар инновациялармен және халықаралық ынтымақтастықтың жұмыстарымен танысты. Еліміздің жетекші білім беру және ғылыми мекемелері ядролық физика және ядролық медицина саласындағы жетістіктерін көрсетті. CERN, МАГАТЭ, сондай-ақ Жапония, АҚШ және Ресей университеттерін қоса алғанда, халықаралық серіктестермен бірлескен жобаларды іске асыру тәжірибесі ұсынылды.
«Қазатомөнеркәсіп» АҚ мен Ұлттық ядролық орталықты қоса алғанда, жұмыс берушілермен, индустрия өкілдерімен тәжірибелік дайындық пен байланысқа шолулар жасалды.
Кеңейтілген отырыс қарар қабылдаумен аяқталды, онда ядролық сала үшін кадрлар даярлауды одан әрі дамытудың негізгі бағыттары белгіленді.
Олардың ішінде тәжірибеге бағытталған оқыту бағдарламаларын күшейту, халықаралық ынтымақтастық пен алмасу бағдарламаларын кеңейту және ғылыми зерттеулерді дамытуға, зертханаларды жаңғыртуға инвестициялар тарту сияқты мәселелер атап өтілді.
Осы тұрғыда ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру кешенінің экономиканың жоғары технологиялық салаларын дамытуды қамтамасыз етудегі стратегиялық маңыздылығын атап өткен жөн.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі