ТДМ 15: «Су ресурстарының маңыздылығы»Farabi University

ТДМ 15: «Су ресурстарының маңыздылығы»

29 қаңтар, 2025

Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында «Су ресурстарының маңыздылығы» туралы іс-шара өткізілді. Өткізілген шараның мақсаты жастар су ресурстарының маңыздылығы туралы ақпаратпен танысып, су қорының жағдайын, суды қорғау, тиімді пайдалану жолдарын анықтап, экономикалық және экологиялық тұрғыдан баға беру дағдыларын қалыптастыру.

Іс-шара барысында су ресурстарының көлемі, маңыздылығы, тапшылығы жайлы ақпарат берілді. Қазіргі таңдағы ғылыми зерттеулерге сүйенсек, жер шарында тұщы су ресурстары жалпы судың 2,5% құрайды. Адамдардың тікелей пайдаланатын тұщы су ресурстары жалпы судың шамамен 0,3% құрайды. Соның ішінде, әсіресе таза ауыз су мәселесі өзекті болып отыр. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінеді. Әсіресе Африка халқы тұщы су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, соның салдарынан болатын антисанитариядан миллиондаған адам көз жұмады екен.

Қазақстан су ресурсы тапшы елдер санатына жатады. Біздің елімізде де ауыз су мәселесі бар.

Олай болса, бүгінде ауыз судың сапасы мен қолжетімділігі әлемдік мәселеге айналып отыр.  Себебі, халықты сапалы ауыз сумен қамту - ең маңызды әлеуметтік мәселенің бірі.  Сондықтан тіршілік көзін қолжетімді ету үшін бар күш-жігерді салу керек деп санаймыз.

Сонымен қатар тек ауыз сумен қамту ғана емес, тиімді пайдалану жолдарын қарастыру маңызды мәселелердің бірі болып табылады.

Өткізілген іс-шара осы мәселелерді терең зерттеуге және су ресурстарын тұрақты пайдалану мен қорғауға жәрдемдесу үшін дұрыс шешімдерді ұсынуға бағытталған. Жалпы тұрмыс жағдайында тұщы суды өте тиімді пайдаланған абзал.