Ирантанушы халықаралық сыйлық иегері атандыFarabi University

Ирантанушы халықаралық сыйлық иегері атанды

5 ақпан, 2025

Гуманитарлық және ислам­дық зерттеулер бойынша Фараби атындағы халықаралық сыйлық (FIA) жыл сайын Иран Ислам Республикасының Ғылым, зерттеулер және технология­лар министрлігі, Иранның Ұлттық элиталық қоры және ИИР Мәдени зерттеулер институтымен бірлесе ұйым­дастырылады. Аталған сыйлықты берудің мақсаты – ирантану, исламтану және дінтану бағыттары бойынша зерттеуші ғалымдарды және олардың еңбектерін, зерттеу жобаларын, сондай-ақ зерттеу барысындағы инно­­вациялық тәсілдерін бағалау. 

 

15-ші рет ұйымдастырылған Ха­лық­­аралық Фараби марапаты «Үздік зерттеуші және үздік зерттеу» са­наты бойынша іріктелді. Байқауға әлемдік деңгейдегі білікті зерттеу­ші­лер қатысып, бақтарын сынады. Әлемдік деңгейдегі белді ғалым­дар­дың қатарында қазақстандық ирантанушы зерттеушінің де бақ сынап, үлкен додада марапатқа ие болуы отандық шығыстанудың, оның ішінде ирантанудың мәрте­бе­сін биіктеткені қуантады.

Бұл марапат кез келгенге бұйы­ра беретін, жеңіл келетін жеңіс емес. Қаншама жылдар бойы иран бағыты бойынша ғылым жолында аянбай еңбек етіп, зерттеу нәтижелерін отан­дық ғылымға енгізу, екі ел ара­сындағы мәдени-тарихи сабақ­тас­тықты дәлелдеу, құнды мұраларды өс­келең ұрпаққа жеткізу үлкен ынта мен қажырлықты талап ететіні сөз­сіз. Қажырлы еңбектің нәтижесін кө­ру, «Үздік зерттеуші» ретінде ха­лық­аралық деңгейде бағалану әріп­тесіміз, ирантанушы ғалым Ға­лия Қамбарбековаға бұйырды.

1992-96 жж. Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің «Парсы тілі маманы және аудармашысы» мамандығы бойынша бакалавр деңгейін алған Ғалия Әмзеқызы ирантану бағыты бойынша білімін жалғастыру мақсатында 1997-2000 жж. Иран Ислам Республикасы Те­ге­ран университетінің гумани­тар­лық ғылымдар және әдебиет фа­куль­тетінде «Парсы тілі мен әде­­биеті» мамандығы бойынша ма­­гистрлік, 2000-03 жж. аталған уни­верситеттің гуманитарлық ғы­лымдар және әдебиет фа­куль­те­тінде «Парсы тілі мен әдебиеті» ма­мандығы бойынша PhD док­­тор­лығын сәтті қорғады.

Иран жерінде білімін шыңдап келген жас зерттеуші еңбек жолын 2004 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғы­лым комитеті Р.Сүлейменов атын­да­ғы Шығыстану институтының Орта және Таяу Шығыс елдері бө­лімінде ғылыми қызметкерліктен бастады. 2012 жылдан бері ұс­таз­дық қызметін ҚазҰУ-дың шығыстану факультетіндегі Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында жал­ғастырып келеді.

Орта ғасырлардағы Орталық Азия, Иран және Үндістан арасын­да­ғы тарихи, дипломатиялық, мә­дени және әдеби қарым-қатынастар аясын қамтыған ғалымның зерттеу жұмыстарының нәтижелері кітап, жинақ және мақала түрінде қазақ, орыс, ағылшын және парсы тіл­де­рінде отандық және шетелдік ба­сы­лымдарда жарық көрген.

Ғылым жолында аянбай еңбек еткен әлемнің жетекші ғалымдары арасынан қазақстандық ғалым Ғ.Қамбарбекованың да аты аталып, Иран Ислам Республикасының Пре­зи­денті Масуд Пезешкианның та­быс­тауымен Иранның Фараби ха­лықаралық сыйлығын (FIA) алды.

Бүгінгі күні «Болашақ» бағдар­ла­масының «500 ғалым» жобасы ая­сын­да Сорбонна университеті жа­нындағы Ирантану зерттеу ор­­­­та­­лығында (CeRMI, Paris\France) ғылыми тағылымдамадан өтіп жат­қан әріптесіміз, ирантанушы Ғ.Қам­бар­бекованың ғылыми ізде­ніс­те­ріне сәттілік тілейміз.

Дариға КӨКЕЕВА,

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия

кафедрасының меңгерушісі,

филос.ғ.к., доцент