Елдігімізді әспеттеген жиын
Әзербайжан астанасында Баку мемлекеттік университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығы мен қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына арналған халықаралық конференция болып өтті.
Шараны Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырды. Конференция спикерлері мен қонақтарының арасында ҚР-дың Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев, қазақтың мемлекетгік және қоғамдық қайраткері, халық ақыны, жазушы Олжас Сүлейменов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Баку мемлекеттік университетінің ректоры Абель Магеррамов, Түркі кеңесінің бас хатшысы Рәміл Ғасанов, ТүркПА бас хатшысы Жандос Асанов, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Гюнай Эфендиева, ӘР Парламентінің депутаттары, ӘР-да аккредиттелген түркітілдес және еуропалық елдердің дипломатиялық миссияларының басшылары мен өкілдері. сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдердің ғылым қайраткерлері болды.
Шара барысында әзербайжандық жұртшылықтың, сондай-ақ шетелдік қонақтардың назарына Қазақ хандығы және қазақ мемлекеттілігінің құрылуы мен қалыптасуының тарихы мен аспектілері, Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасы ұсынылды.