ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде үлкен дарын иесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Құлжабай Әбдіқалықұлы Қасымовтың туылғанына 80 жыл толуына орай «Математика мен информатиканың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Белгілі академик-ғалымдар, Қ.Ә. Қасымов замандастары мен әріптестері, туған-туыстары мен шәкірттері қатысқан ғылыми басқосу академик рухына арналған игі істермен бастау алды.
Жиналған қауым «Қазақ университеті» баспасынан «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген Құлжабай Әбдіқалықұлы Қасымовқа арналған кезекті 66-шығарылымның тұсауын кесті. Сондай-ақ шара аясында ғалымның өзі ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен механика-математика факультетінің оқу ғимаратында Қ.Ә. Қасымов атындағы дәрісхана ашылып, көпшілік назарына ұстаз-ғалымның шығармашылық жолы туралы кітап көрмесі ұсынылды.
Шараның шымылдығын ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М.М. Бүркітбаев құттықтау сөз сөйлеп, университеттің қол жеткен жетістіктері ұлағатты ұстаз-ғалымдардың ерен еңбегінің жемісі екендігін ерекше атап өтті. Ғалымның өмір жолына механика-математика факультетінің деканы, профессор М.Ә.Бектемесов кеңінен тоқталды. Ол Алматы облысы Көксу ауданы Талапты ауылынан түлеп ұшқан белгілі математик Қасымов Құлжабай Әбдіқалықұлының ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметі көпке үлгі-өнеге екендігін тілге тиек етті. «Академик Құлжабай Әбдіқалықұлы Қасымов Қазақстан математикасының жаңа белестеріне, жаңа бағыттарына жастарды ерекше ілтипатпен дайындаудың нағыз шебері еді. Ол тек өзінің ғылыми мектебіндегі шәкірттеріне ғана емес, 70-80 жылдары Қазақ ұлттық университетінің математика, механика және қолданбалы математика факультетінде оқыған әрбір дарынды жасқа болашақ ғылыми-ізденіс жолын анық көрсетіп, бағыттай білген», – деді М.Ә.Бектемесов ұстазы туралы естелігінде.
Ғалым ізбасарларының бірі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор М.Қ. Дауылбаев өз сөзін оның ғылыми жұмысы мен ашқан жаңалықтарына арнады. Ол Құлжабай Қасымовтың өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында әлем математикасына үлкен үлес қосқан әйгілі ғалым дәрежесіне көтерілгендігін мақтанышпен жеткізді.
Құлжабай Әбдіқалықұлы басшылық қызмет пен ғылыми жұмысты шебер ұштастыруының арқасында 200-ден астам еңбек, 4 монография, жоғары математика бойынша 5 оқулық жазып қалдырған. Жүргізілген іргелі зерттеулері мен Қазақстан ғылымын дамытуда және кәсіби деңгейі жоғары кадрларды дайындауда атқарған елеулі еңбегі үшін Қ.Ә. Қасымов «Құрмет» орденімен, Ы.Алтынсарин атындағы және «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дамуына қосқан айрықша үлесі үшін» алтын медальдарымен марапатталған.
Жоғары ғылыми деңгейде өткен шараға Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан ғалымдары да атсалысты. Конференция тақырыбына арналған 6 ауқымды баяндама, алты секцияда 112 теориялық, тәжірибелік және қолданбалы сипаттағы жаңалық көзі болып табылатын ғылыми хабарламалар талқыланды.
Конференция ұйымдастырушыларының қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, механика-математика факультеті, факультет жанындағы Механика және математика ғылыми-зерттеу институты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, ҚР ҒжБМ ҒК Ақпараттық және есептеу технологиялары институты мен Математика және математикалық моделдеу институты сынды әйгілі отандық ғылыми-зерттеу құрылымдары болды.
Механика-математика факультеті