ҚазҰУ ICBSE 2025 конференциясының тең ұйымдастырушысы болды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Farabi халықаралық бизнес мектебінің делегациясы Үндістанның Нойда және Мумбай қалаларына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында ҚазҰУ ICBSE 2025 халықаралық конференциясының тең ұйымдастырушысы болып, делегация құрамы жетекші білім беру және ғылыми мекеме өкілдерімен кездесті. Жүздесу нәтижесінде өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамыту ниеті туралы үш меморандумға қол қойылды.
GNIOT Institute of Management Studies (GIMS) және ҚазҰУ бірлесе ұйымдастырған ICBSE 2025 халықаралық конференциясы әлемдік білім беру қауымдастығы үшін маңызды оқиға. Университеттің тең ұйымдастырушы ретінде қатысуы оның ғылым және білім саласындағы жоғары мәртебесін растайды. Конференцияға Қазақстан, Үндістан, Ресей, Ұлыбритания, Малайзия және Непал сынды алты елдің өкілдері қатысты.
Жиын бағдарламасы білім беру, бизнес және инновациялық технологиялар саласындағы өзекті мәселелердің кең ауқымын қамтыды. Басқосуда қатысушылар электрондық коммерция, онлайн платформа, цифрлық технологиялардың экономикадағы рөлі және жаһандану жағдайындағы бизнес-білім берудің заманауи тәсілдерін талқылады.
Конференцияның маңызды нәтижелерінің бірі 80 ғылыми жұмыстың ішінде Farabi International Business School докторанттарының ғылыми зерттеулерінің ұсынылуы болды. Бұл еңбектер ғылым мен бизнес білім беру тәжірибесін дамытуға елеулі үлес қосты. Farabi International Business School директорының орынбасары Қыял Түкембаева баяндама жасап, Қазақстандағы электрондық коммерция нарығының даму ерекшеліктері мен оның жаһандық экономикаға әсерін таныстырды. Сонымен қатар делегация GIMS директоры, доктор Бхупиндер Сомның «Management in the Age of AI» кітабының ресми таныстырылымына қатысты. Бұл еңбек жасанды интеллект дәуіріндегі бизнестің сын-қатерлері мен мүмкіндіктеріне арналған.
Конференция аясында ҚазҰУ мен GIMS арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Келіссөздер барысында GIMS-тің 50 студентін ҚазҰУ-дың жазғы мектебіне жіберу келешегі және университеттер арасындағы оқытушы алмасу бағдарламасы талқыланды. Сонымен қатар Делидің екі жетекші жоғары оқу орны – Sushant University және International Management Institute-пен келісімдер жасалды. Бұл серіктестік бірлескен білім беру және ғылыми бастамалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Farabi International Business School делегациясы Үндістандағы алғашқы – Universal AI University жасанды интеллектіге мамандандырылған университетке де барды. 2009 жылы бизнес-мектеп ретінде құрылған бұл оқу орны 2023 жылы жасанды интеллектіге бағытталған алғашқы университетке айналды. Университеттің негізін қалаушы Тарун Анандпен кездесу барысында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу және оқытушы алмасу бағдарламасын жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Бұл ынтымақтастық болашақта жасанды интеллект саласының мамандарын даярлауға бағытталған. Олардың білімі тұрақты және инновациялық даму үрдісіне ықпал ететін болады.
Farabi International Business School делегациясының Нойда мен Мумбайға сапары, ICBSE 2025 конференциясына қатысуы және халықаралық келісімдерге қол қоюы ҚазҰУ мен бизнес-мектептің дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Мұндай бастамалар халықаралық байланыстарды нығайтуға, білім сапасын арттыруға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

