Қытаймен ғылыми байланыс артадыFarabi University

Қытаймен ғылыми байланыс артады

17 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлин бастаған делегация арнайы келді. Жұмыс сапары барысында құрметті елші оқу ордасы базасындағы орталықтар мен зертханаларды аралап, университеттің ғылыми әлеуетімен танысты.

Құрметті қонақтарды ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қарсы алып, білім ордасының Қытай жоғары оқу орындарымен  бірлесіп атқарып жатқан жұмыстары туралы құлағдар етті.

Қазіргі таңда ҚазҰУ-дың Қытай университеттерімен әріптестік байланысы кең жолға қойылған. Серіктестік аясында оқу ордасында түрлі бағыттағы зертханалар мен орталықтар ашылып, тұңғыш рет Қытай жоғары оқу орнының филиалы іске қосылды.

Алдымен елші Хань Чуньлин «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасына барды. Мұнда мамандар Жерді қашықтықтан зерттеу арқылы экологиялық мәселелерге тереңдетілген мониторинг жұмысын жүргізеді. 500 шаршы метрді құрайтын орталық Қазақстан, Қытай және Орталық Азия ғалымдары үшін бірлесіп жұмыс істеуге үлкен алаң ұсынуда. Айта кетейік, аталған зертханаға қажетті құралдар мен жабдықтарды орнатуға Қытай тарапы демеушілік жасаған.

Кейін делегация мүшелері Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер қойылған орталықты көрді. Қос мемлекет басшысының бастамасымен Қытайдан ҚазҰУ-ға жеткізілген суперкомпьютердің  жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайды. Әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің бірі саналады. Болашақта жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және елдің IT-инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.

Университетке сапары барысында құрметті елші 2023 жылы ҚазҰУ базасында ашылған Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалына барып, студенттермен әңгімелесті. Филиалда білім алып жатқан студенттер оқуын аяқтаған соң, оларға екі университеттің дипломы беріледі.

«Қытай жоғары оқу орнының филиалы Қазақстанда алғаш ашылып отыр. Бұл бастама техникалық мамандарды даярлауда маңызды қадам болды. Сонымен қатар биыл ҚазҰУ мен Солтүстік-батыс политехникалық университеті ғарышқа микроспутник ұшыруды көздеп отыр. Бұл тарихи оқиға болмақ. Аталған жобаның нәтижесін екі ел көреді. Яғни студенттер мен оқытушылар жоба арқылы тәжірибе алмасып, білімдерін шыңдайды. Ал бұл өз кезегінде Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым мен жоғары білімнің ынтымақтастығын дамытуға септігін тигізеді», – деді ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев.

Хань Чуньлин бастаған делегация Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы мен «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығына барып, ғалымдар әзірлеген инновациялық жобалардың нәтижесімен танысты.

Өз кезегінде Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлин екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бар күш-жігерін салатынын атап өтті. Соның ішінде жоғары білім, ғылым саласы бойынша алдағы уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірге жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі