Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің жаңа логотипі: Символика мен мағынаFarabi University

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің жаңа логотипі: Символика мен мағына

19 ақпан, 2025

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойына орай 2024 жылдың 30-шы желтоқсанында Ғылыми кеңесінің шешіміне (№5 хаттама) сәйкес жаңа логотипіне көшу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам  -  факультеттің жаңаруын, жаңа тарихи кезеңге аяқ басуын, болашаққа деген көзқарасын және шетелдіктерге тіл үйрету, білім беру саласындағы жетістіктерін жаңа символика арқылы көрсету мақсатын көздейді.

     Факультеттің бастау алған жаңа тарихи даму кезеңінде жүйелі өзгерістер жасауы, логотип ауыстыруы факультеттің құрылғанына 40 жыл толу мерейтой қарсаңына  дәл келді.  Жаңа логотиптің дизайны терең символикалық мағынаға ие. Жаңа логотиптің жоғарғы жағына ғылым-білімнің бастау бұлағы – кітаптың ашық тұрғаны бейнеленген. Логотиптің жоғарғы бөлігінде университет атауы (FARABI UNIVERSITY – ағылшын  тілінде) мен екі шетінде орналасқан жұлдызшалар, білім мен ғылымның мәңгілік ізденісін танытады. Бұл элементтер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары мәртебесін және оның әлемдік білім беру жүйесіндегі орнын айқындайды.

      Логотиптің төменгі бөлігінде Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің атауы (FACULTY OF PRE-UNIVERSITY EDUCATION –ағылшын тілінде) орналасқан. Бұл – факультеттің  тіл үйрету, білім беру жүйесінде маңызды рөл атқаратындығын және осы салада жаңа сапаға ұмтылысын көрсетеді.

     Жаңа логотиптің ортасында әлем елдерінің туы бар глобус бейнеленген.  Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ және орыс тілін үйретуге, қазақ мәдениетін насихаттауға, танытуға және таратуға деген факультеттің мақсатты ұмтылысын білдіреді. Глобус – факультеттің  халықаралық деңгейде танылуына, жаһандық білім кеңістігінде белсенді рөл атқара алатындығын аңғартады.

     Сонымен қатар, логотиптің ортасында факультеттің құрылған жылы да жазылған. Бұл оның тарихы мен даму жолын еске салады. Аталған белгі факультеттің бүгінде тіл оқыту, білім беру саласындағы жетекші орынға ие болғанын, сонымен қатар оған жету үшін жүргізілген ауқымды жұмыстарды көрсетеді. Ал құрылған жылдың астында орналасқан баспалдақ белгісі –  ғылым-білімнің алғашқы баспалдағы тіл үйрену, оқыту мағынасын білдіріп тұр.

    Жаңа логотип факультеттің болашақтағы дамуы мен прогрессивті бағытының жаршысы болары сөзсіз. Аталмыш жаңашылдық тек визуалды өзгеріс қана емес, сонымен қатар факультеттің басты міндеттері мен құндылықтарын жаңа форматта жеткізудің тиімді әдісі болып табылады. Логотиптің өзегіндегі мағына мен символдар факультеттің тіл үйрету, білім беру саласындағы миссиясын, халықаралық деңгейдегі үлесін және оның болашақтағы жетістіктерін айқындайды.

    Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің жаңа логотипі оның әлемдік білім беру жүйесінде алатын орнын нығайтып, факультетке жаңа серпін береді.

  

К.К.Келдебеков

Деканның ғылыми-инновациялық

жұмыс және халықаралық

ынтымақтастық  жөніндегі орынбасары