«ЖАС ҒАЛЫМ» гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпаздарыFarabi University

«ЖАС ҒАЛЫМ» гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпаздары

22 ақпан, 2025

  Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының аға оқытушылары PhD Есенбекова Арайлым Есенбекқызы, PhD Сырайыл Саягүл және Биотехнология кафедрасының докторанты Қожахметова Маржан Халидоллақызы «Жас ғалым» жобасы бойынша 2025-2027 жылдарға арналған жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландыру байқауының жеңімпаздары атанды.
     Арайлым Есенбекқызының «Қант диабетінің 2-типімен ауыратын науқастардағы нефропатиямен байланысты жаңа айналымдағы биомаркерлерді анықтау» атты жобасы өзекті және әлеуметтік маңызды тақырыпқа арналған. 2-ші типті қант диабеті – бұл денсаулықтың күрделі мәселесі, ал нефропатия созылмалы бүйрек жеткіліксіздігіне әкелетін оның ең жиі кездесетін және ауыр асқынуларының бірі болып табылады. Бұл жоба заманауи биомедицинаны дамыту үшін үлкен маңызға ие және диабеттік нефропатияны диагностикалау мен емдеудің жаңа перспективаларын ашады.
     А.Е. Есенбекованың 40-тан астам мақалалары бар, оның ішінде 1 оқу құралы, 1 авторлық куәлік, БҒСБК ұсынған журналдарда 6 мақала, Халықаралық тезистер жинағы – 24,  Scopus және Web of Science дерекқорында индекстелетін журналдарда 7 жарияланымдары бар (h-index – 3).


Сырайыл Саягүлдің ұсынған тақырыбы «Қазақстанның Оңтүстік-Шығысында өсетін дәрілік бұталардың фитопрепараттық перспективтілігін зерттеу». Жоба жетекшісі Сырайыл Саягүл – Scopus базасындағы H-index көрсеткіші – 5, Web of science базасындағы H-index көрсеткіші – 2 құрайды, отандық және халықаралық журналдарда 40-қа жуық ғылыми жарияланым, Scopus деректер базасында жарияланған халықаралық басылымдарда 7 мақала, Web of Sciences базасына енген халықаралық журналда 3 мақала, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тізіміндегі республикалық ғылыми журналдарда 10 мақала, сондай-ақ халықаралық конференциялар мен симпозиумдар материалдарында 20-дан астам мақала мен тезистері жарияланған. Ғылыми қызығушылығы дәрілік өсімдіктердің экологиялық-морфологиялық және фитохимиялық, биомедициналық ерекшеліктерін зерттеу, жануарлар ағзасына өсімдік сығындыларының әсерін in vitro жағдайында бағалау және жануарлар ағзасына гистоморфологиялық бақылау жүргізу болып табылады.
Қожахметова Маржан Халидоллақызының ұсынған жоба атауы «Жасыл инновациялар мақсатында микробалдырлар арқылы атмосфералық көміртекті секвестрлеудің биотехнологиясын құру».
   Жоба жетекшісі М.Х. Қожахметованың Хирш индексі – 3, негізгі ғылыми-зерттеу жұмысының бағыты экологиялық микробиология және экологиялық биотехнология салаларымен байланысты. Ол 1 патенттің авторы және жарияланған 15 ғылыми мақалалары бар, олар отандық және шетелдік ғылыми журналдарда көмір биотехнологиясы бағыты бойынша жарияланған. Германияның Юлих қаласындағы Аахен қолданбалы ғылымдар университетінің Биоинженерия институтында ғылыми тағылымдамадан өткен.
     Жас ғалымдардың ғылыми жобалары биомедицина, фитохимия және дәрілік өсімдіктердің биомедициналық ерекшеліктері мен биотехнологияның әртүрлі мәселелерін оңтайлы шешуге бағытталған. Дарынды жас ғалымдарымызға ғылыми-зерттеу жұмыстарында одан әрі табыстар мен жаңа жетістіктер тілейміз!