Ашық есік күні қызықты да сәтті өттіFarabi University

Ашық есік күні қызықты да сәтті өтті

28 ақпан, 2025

2025 жылғы 26 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Ашық есік күні өтті. Бұл шараға әртүрлі мектептер мен колледждерден келген оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар қатысып, факультет қызметімен жақынырақ танысты.

Қытайтану кафедрасының шақыруымен Наурызбай ауданындағы №188 мектеп-гимназиясынан 45 оқушы келді. Оларға жетекшілік еткен ұстаздар – Карбозова Назгүл Нарытбекқызы, Қалыбаева Жанар Орынбасарқызы және Қуабаева Айгүл Сейітқалиқызы. Сонымен қатар, Халықаралық Сервис және Менеджмент колледжінің оқу ісі жөніндегі директор орынбасары Иманқұлова Рамина Махмұдқызы 30 студентті бастап келді.

Қытайтану кафедрасының оқытушылары келген қонақтарға Қытай мәдениетінің ерекшеліктерін таныстырды. Шара барысында оқушылар қытай каллиграфиясын жазуды үйреніп, шай демдеу рәсімін тамашалап, Пекин операсының бетперделерін бояу өнерімен танысты. Олар өз қолдарымен иероглиф жазып, қағаздан қытай оюларын қиып, опера маскаларын бояп көрді. Мұндай интерактивті іс-шаралар оқушылардың шығыс мәдениетіне деген қызығушылығын арттырды.

Факультетке жасалған экскурсия концерттік бағдарламамен аяқталды. Шығыстану факультетінің студенттері ұйымдастырған концертте шығыс елдерінің әндері шырқалып, ұлттық билер биленді. Қатысушылар үшін қызықты ойындар мен викториналар өткізіліп, шығыстық стильдегі сыйлықтар таратылды. Ашық есік күніне қатысқан оқушылар мен ұстаздар ерекше әсер алып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.