Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың көрнекті түлегі М.Т. Ғабдуллинмен кездесуFarabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың көрнекті түлегі М.Т. Ғабдуллинмен кездесу

1 наурыз, 2025

2025 жылдың 27 ақпанында «6В05305 – Физика және нанотехнология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері үшін КФПН және КФ аға оқытушысы М.Н. Сұлтанғазинаның ұйымдастыруымен факультетіміздің көрнекті түлегі Ғабдуллин Маратбек Төлебергенұлымен кездесу өтті.

Ғабдуллин Маратбек Төлебергенұлы – PhD, физика-математика ғылымдарының кандидаты, плазма физикасы, наноматериалдар мен нанотехнологиялар, сутектік энергетика салаларының жоғары білікті маманы. Ол 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы, оның 55-і АҚШ, Англия, Германия, Ресей және басқа да елдердің беделді журналдарында жарияланған. Бүгінгі таңда Маратбек Төлебергенұлы Қазақстан Республикасының 9 патентінің авторы болып табылады.

Ол Германия, Франция, АҚШ, Жапония, Ресей, Украина, Беларусь секілді әлемнің жетекші ғылыми орталықтарының ғалымдарымен тығыз шығармашылық байланыс орнатқан. Сонымен қатар ғылыми журналдардың редакциялық алқасының мүшесі және беделді журналдардың рецензенті болып табылады.

Ғылымдағы жетістіктері үшін Маратбек Төлебергенұлы көптеген марапаттарға ие болған: «Жылдың үздік жас ғалымы», «ЖОО-ның үздік оқытушысы», әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Алтын Адам – Жыл адамы» сыйлығының лауреаты, сондай-ақ «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» Президенттік медалімен марапатталған.

Бұған дейін Маратбек Төлебергенұлы ғылым және инновация жөніндегі проректор қызметін атқарған, кейін Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры болып тағайындалған.

Физика-техникалық факультеті және плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасы Сізге зор денсаулық, таусылмас күш-қуат, жаңа жетістіктер мен сәтті жобалар тілейді!

Сізбен мақтанамыз және әрдайым ынтымақтастық пен жылы кездесулерге қуаныштымыз!