Тұрақты даму мақсаттарының –17 бағыты аясында «Алғыс айту күні» мерекесі аталып өттіFarabi University

Тұрақты даму мақсаттарының –17 бағыты аясында «Алғыс айту күні» мерекесі аталып өтті

3 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен жақында Қытай, Корея, Жапония, АҚШ, Испания, Дания, Австралия елдерінен келген шетелдік студенттерге ғылыми-танымдық, тәрбиелік маңызы бар және «Тұрақты даму мақсаттарының» бағытын қамтитын №17 «Орнықты дамуға қол жеткізу құралдарын нығайту және орнықты даму мүддесінде жаһандық әріптестік тетіктерінің жұмысын жандандыру» әлеуметтік жобасы аясында «Алғыс айту күні» атты ашық тәрбиелік іс-шарасы өтті.

Бұл іс-шараның мақсаты «1 наурыз – Алғыс айту күні» мерекесінің мәні туралы түсінік беру және ризашылық пен алғыс, сыйластық құндылығы туралы түсініктерін кеңейту, сыпайылық қарым-қатынасын дамыту, қасиетті рухани құндылықтарды шетелдік азаматтарға кеңінен таныстыру болды.

Іс-шара барысында шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары баяндамалар жасай отырып, «Алғыс айту күні» – тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, басқа түскен ауыртпашылықты бірге көтеріп, қолдау көрсетіп, қорған болғаны үшін қазақ халқына алғыс білдіретіні туралы сөз етіп, сонымен қатар, «Алғыс айту күнін» тарихқа тағзым ету деп түсінуге де болатынын және ешуақытта қазақ халқының қамқорлығының ұмытылмайтынын әрі қиын-қыстау кезеңде қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімі өзгеге үлгі болатынын мақтанышпен жеткізді.

Іс-шара барысында факультет студенттері сұрақ-жауап интелектуалды ойын-сайысына қатысты. «Алғыс айту күні» мерекесі туралы көрме ұйымдастырылып, қазақ елінің тарихы, салт-дәстүрі, ұлттық нақышы, киімі, тағамы мен мәдениеті, өнері таныстырылды. Іс-шара музыкалық-поэтикалық кешпен жалғасын тапты. Бұл кеште студенттер дайындаған қойылымдарын көрсетті. Кеш барысында орыс, қазақ тілдерінде өлеңдер оқылып, әндер орындалды.
Іс-шара арқылы факультеттегі шетелдік студенттер «1 наурыз – Алғыс айту күні» мерекесі, қазақ елінің мәдениеті, әдет-ғұрпы, тарихы туралы жаңа мағлұматтармен таныс болды.

Шетелдік студенттер танымдық-мәдени іс-шараларға қатысу арқылы осы факультетте тек қана білім алып қана қоймай, мәдени іс-шараларға да араласып, мәдени, рухани өсуге болатынына көз жеткізіп отырады.

А.Е. Саденова., Т.В. Курманова
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті

Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім
беру дайындығы кафедрасының оқытушылары