МКМ кафедрасының профессоры Хаджиева Леля Азретқызы мемлекеттік ғылыми стипендияның лауреаты атандыFarabi University

МКМ кафедрасының профессоры Хаджиева Леля Азретқызы мемлекеттік ғылыми стипендияның лауреаты атанды

28 ақпан, 2025

2025 жылдың 26 ақпанында Алматы қаласындағы Ұлттық ғылым академиясының ғимаратында 2024 жылғы ғылым саласындағы мемлекеттік ғылыми стипендиялар мен сыйлықтардың лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.

Зор мақтанышпен хабарлаймыз, физика-математика ғылымдарының докторы, математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының профессоры Хаджиева Леля Азретқызы ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік ғылыми стипендияның лауреаты атанды.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар және оқытушылар қатысты.

Өз сөзінде министр Саясат Нұрбек ғалымдарды мемлекеттік қолдау, олардың әлеуметтік қорғалуын күшейту және ғылымға жас мамандарды тартудың маңыздылығын атап өтті. Президент Жарлығын іске асыру аясында қолданбалы ғылымды қаржыландыру ұлғайтылып, ғылым мен технологиялық саясатты дамыту бойынша шаралар қабылданды, сондай-ақ ғылыми ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы артты.

Салтанатты рәсім барысында лауреаттарға дипломдар, медальдар және сертификаттар табыс етілді.

Леля Азретқызы Хаджиеваны лайықты марапатымен құттықтаймыз және ғылыми зерттеулер мен педагогикалық қызметте жаңа жетістіктер тілейміз!

Ғалымдардың жетістіктері, олардың ғылым мен білімге қосқан үлесі 4-ші Тұрақты даму мақсатын (ТДМ) – «Сапалы білім» жүзеге асыруға тікелей ықпал етеді, бұл мамандарды даярлау деңгейін арттыруға және ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған.

Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының маманы