Тарих. Тағзым. Тәуелсіздік: Зейнеп Ахметовамен тағылымды кездесуFarabi University

Тарих. Тағзым. Тәуелсіздік: Зейнеп Ахметовамен тағылымды кездесу

28 ақпан, 2025

Тарих. Тағзым. Тәуелсіздік: Зейнеп Ахметовамен тағылымды кездесу өтті

2025 жылдың 28 ақпанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақтың даңқты батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай белгілі жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметовамен «Тарих. Тағзым. Тәуелсіздік» атты кездесу өтті. Шараға ғалымдар, студенттер мен оқытушылар, сондай-ақ ел тарихына бейжай қарамайтын азаматтар қатысты.

Кездесу барысында Зейнеп Ахметова қазақ халқының ерлік пен елдік жолындағы күресі, Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі туралы терең мағлұмат беріп, өз ойымен бөлісті. Ол батырдың тек жауынгер ғана емес, сондай-ақ кемеңгер тұлға, сөзге шешен, болашақ ұрпаққа өшпес мұра қалдырған дарабоз екендігін атап өтті.

Сонымен қатар, іс-шара халықаралық тұрақты даму мақсаттарының 16‑шы мақсаты – бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар қағидатына сай жүзеге асырылды. Бұл мақсат аясында, әділетті қоғам құру, халықтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері де маңызды орын алды.

Шара барысында тарихшылар мен дінтанушы ғалымдар ұлттық руханияттың дамуы, тарихи сананың жаңғыруы, тәуелсіздігіміздің құндылықтары төңірегінде маңызды ойлар қозғады. Қатысушылар ел тарихына үңіліп, бабалар мұрасын қастерлеу, рухани сабақтастықты сақтау мәселелерін талқылады.

Кездесу әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих факультеті жанындағы У.Х. Шәлекенов атындағы этнология музейінде өтті. Шараны Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Б.Б. Кәрібаев пен кафедра оқытушылары Ф.А. Қозыбақова, Т.Нұрпейіс, Ж.Арынов, Н.А. Тасилова, М.Д. Байдавлетова, А.О.Қошымова, сондай-ақ Философия және саясаттану факультетінің, Дінтану және саясаттану кафедрасының ф.ғ.д., профессоры Байтенова Н.Ж., ф.ғ.к., профессоры Борбасова Қ.М.,  ф.ғ.к., қауымд.профессоры Қантарбаева Ж.У. және 1 курс докторанттары Б.Б.Нұрғалиев мен  А.А. Алимханова ұйымдастырды.

Іс-шара барысында қатысушылар Бауыржан Момышұлының ерлігі мен рухани мұрасын дәріптеудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Кездесу жастарға ұлттық құндылықтарды құрметтеудің, тарихтан сабақ алудың маңызын ұғындырып, елдік пен бірліктің символына айналған тұлғаның тағылымынан үлгі алуға үндеді.