Бинәлі Йылдырым: Маған берілген атақты Түркияға деген сүйіспеншілік деп түсінемінFarabi University

Бинәлі Йылдырым: Маған берілген атақты Түркияға деген сүйіспеншілік деп түсінемін

11 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Түркияның экс-премьер-министрі, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинәлі Йыл­дырым арнайы келіп, университеттің оқытушы-про­фессорлық құрамына, білім алушыларға көшбасшылық дәріс оқыды. Көшбасшылық дәрісті ҚазҰУ-дың Бас­қарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, ұсынысты қабыл алғаны үшін құрметті қонаққа алғыс айтты. Университет басшысы жиналған қауымға Түр­кия­ның мемлекет және саяси қайраткері Бинәлі Йыл­дырымның өмір жолын таныстырып, «ҚазҰУ-дың құр­метті профессоры» атағын тапсырды. 

Құрметті Әл-Фараби атын­­­да­ғы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің ректоры, про­фес­­сор Түй­мебаев мырза, дә­­­ріс­ке қа­ты­сушылар, қадірлі бауыр­ла­рым!

­Сіздерді әрқашан сүйіс­пен­шілікпен, қуаныш және мақ­та­нышпен еске алатын ел ре­тін­де құрметтеймін.

Әл-Фараби атын­дағы Қа­зақ ұлттық уни­вер­­ситеті Түркі мем­лекеттері ұйымы Ақсақал­дар кеңесінің төрағасы ретінде маған үлкен құрмет көрсетіп, құрметті про­фессор атағын беру рәсімін ұйымдас­тыр­ған­да­рыңызға ризашылығымды білдіремін. Ең алдымен ректор Жансейіт Қансейітұлына және акаде­мия­лық ұжымға алғы­сым­ды ай­тамын.

Осындай маңызды шара аясында Алматыда болу мен үшін ерекше қуаныш екенін атап өткім келеді. Дәл қазір туысқандарым, бауырларым­ның ортасында тұрғаныма ерек­ше разымын. Қазақ елі түркі халықтарының атажұрты, бұл жерде түркілердің, біздің ата-бабаларымыздың ізі жа­тыр. Қазақстанның болашағы жарқын, аспаны ашық болсын деген тілек айтқым келеді. ҚазҰУ сынды Орталық Азия аймағындағы көшбасшы уни­вер­ситетте білім алу – әркімге бұйырмайтын үлкен бақыт. Өздеріңіз білесіздер, Түркия мен Қазақстан арасындағы қа­­рым-қатынас Қазақ елі тәуел­­сіздік алғаннан бері жал­ғасып ке­леді. Түркия елі ал­ғаш­­қы­лардың бірі болып Қа­зақ­­стан­ның тәуелсіздігін мо­йындап, әлемге жар салды. 1991 жыл­дан бастап екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қа­ты­нас­тар жолға қо­йы­лып, бүгінде оның тамыры те­реңге бой­ла­ды. Қазақ­стан­мен бірге Ор­та­лық Азия мен Кавказдағы ба­уыр­лас мем­ле­кеттердің тәуел­­сіз мемлекет ре­тінде Бірік­кен Ұлттар Ұйы­мы­ның мүшелігіне қабыл­дан­ғанына 34 жыл толды.

Осы жерде мен Түркі мем­ле­кеттерінің ұйымы туралы айт­қым келеді. Өйткені бұл ұйымның біз үшін, түркітілдес мемлекеттер үшін мәні өте зор. Бұл ұйым бұрындары Түркі­тіл­дес мемлекеттердің ынтым­ақ­тастық кеңесі деп аталды. ҚР Тұңғыш президентінің бас­та­ма­сымен Қазақстан, Әзірбай­жан, Қырғызстан және Түркия бас­шылары арасында түркі­тіл­дес мемлекеттердің 2009 жы­лы 3 қазанда Нахчыван (Әзір­байжан Республикасы) қа­ла­сындағы 9-шы саммитінде Түркітілдес мем­лекеттердің ын­ты­мақ­тас­тық кеңесін (ТМЫК немесе Түркі кеңесін) құру ке­лісіміне қол қо­йыл­ды. 2011 жыл­ға дейін түр­кі­тіл­­дес мем­ле­кеттер бас­шыла­ры­ның сам­миті фо­рум фор­­матында өтіп келді. ТМЫК Ыстамбұлда 2021 жыл­дың қарашасында өткен VIII сам­митінде ол Түркі мем­ле­кет­тері ұйымы (ТМҰ) деп атал­ды. ТМҰ өкілдігі 2019 жы­лы Ма­жар­станда (Венгрия) ашыл­ды. ТМҰ мақсаты – түркі мем­ле­кеттері арасындағы сау­да-эко­но­ми­ка­лық, инвес­ти­ция­­лық, мәдени-гума­ни­тар­лық және басқа да бай­ла­ныс­тарды тиім­ді­лікпен жан-жақты да­мы­ту.

Ұйым мүшелері – Қазақстан Республикасы, Әзірбайжан Рес­­публикасы, Қырғыз Рес­пуб­ликасы, Өзбекстан Респуб­ли­касы, Түрік Республикасы. Бақылаушы ел ретінде Ма­жар­стан, Түрікменстан және Сол­түс­тік Кипр кіреді. Содан бері 15 жыл уақыт өтті. Бұл өте қыс­қа уақыт. Құрметті студенттер, біз әлі үлкен жұмыстардың бастауында тұрмыз. Әлемде жүзжылдық ұйымдар бар, олар өздерін жас ұйымбыз деп са­най­ды.

Түркі мемлекеттері ұйымы дегенде, сіздер нені түсіну­ле­ріңіз керек? Бұл ұйымның 170 млн халқы бар, 4,5 млн шаршы шақырым географиялық ай­мақ­ты құрайды, оның 2 млн 700 мыңы Қазақстанға тиесілі, қалған бөлігі өзге мемле­кет­тер­дің еншісінде. Бұл мем­ле­кет­тердің 1,5 млн доллар ішкі жалпы өнімі бар, әр мем­ле­кеттің өз аймағында 1 трил­лион доллар сауда-саттығы және бар. 1 трлн доллар сырт­қы сау­да­ның Түркі ұйымы мем­ле­кет­теріне шаққанда өзара сауда-саттық 40 млрд доллар а­й­на­ласында болады. Бұл өте аз көрсеткіш. Туыстас мемле­кет­тердің өзара сауда-саттығы сон­да 5 пайыз да болмайды. Біз осы түйінді мәселе жа­йын­да ойланғанымыз жөн. Егер бауырлас мемлекеттер сыртқы сауданы өз ішімізге бағыт­та­ғанда, өзіміз бір-бірімізге жө­нелт­кенде көрсеткіш 500 млрд долларға жететін еді. Бұл Қа­зақстанның ішкі жалпы өні­мі­нен екі есе артық нәтиже. Де­мек, біз өзара экономикалық қарым-қатынастарды жетіл­дір­генде ғана өркендейміз. Бір-бірімізді қолдап, жіті та­нуы­мыз керек. Ортақ құн­ды­лықтарымызды дамытқанымыз абзал. Біз түркіміз, әр түркі мемлекетінің өзіне тән этни­ка­лық құндылықтары бар, со­лар­ды жетілдіру ортақ мін­дет. Негізгі құндылығымыз – тіл. Біз бір-бірімізді аудар­ма­шы­сыз түсінуге тиіспіз. Осы жер­де бауырлас екі ұлт оты­рып, ау­дар­­машының қызметіне жү­гі­ну­деміз. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи университеті түрік тілін білетін мыңдаған ма­мандарды оқытып шығаруда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың да бұған үлесі зор деген пікірдемін. Құрметті студент­тер, түрік тілін үйреніңіздер, өз­ге де тілді меңгеріңіздер, біз бір-бірімізге қашанда жақын болғанымыз жөн. Түркі мем­ле­кет­тері ұйымының саммитінде осы мәселелер талқыланып, күн тәртібінен түскен емес. Біз бір-бірімізді жан-жақты қол­да­ғанда ғана жоғары нәтижеге қол жеткіземіз.

Мемлекеттер мен халық­тар­­дың тарихында қысқа уақыт саналатын осы жылдар ішінде Қазақстан басынан үлкен өзгерістерді өткізді. Осы ке­зеңде бауырлас мемлекеттер ретінде біз де мәдениеттен – білімге, денсаулықтан –  өнер­кәсіпке, ауыл шаруашылығынан – туризмге, инфрақұрылымнан – коммуникацияға дейінгі бар­лық салада қарым-қаты­на­сы­мызды нығайтып дамыттық. Бүгінде қарым-қатынасы­мыз­ды берік жалғастырып келеміз.

Бәріңіз де білесіздер, Түр­кия – Қазақстан қарым-қаты­нас­тарының ең маңызды ба­ғыт­тарының бірі – білім беру са­ласы. Анадолыдағы бауыр­ла­рыңыз ретінде білім сала­сын­дағы жетістіктеріңіз бізге зор мақтаныш сезімін сый­лай­ды.

Құрметті бауырларым!

Қадірлі қатысушылар!

Біз Түркияда түрлі ұлт өкіл­де­ріне елімізде жоғары білім алу мүмкіндігін ұсынамыз. Бұл мүмкіндікті пайдаланған жас­тар­дың қатарында көптеген қа­зақстандық бауырларымыз да бар. Осы күні Түркияда Қа­зақ­станнан 10 мыңдай сту­дент білім алуда. Жыл сайын Қа­зақ­станнан Түркияға кел­ген 300-ге жуық студентке Түр­кияның Шет­елдегі тү­ріктер және бауыр­лас қауым­дас­тықтар бас­қармасы тара­пы­нан сти­пен­дия беріледі.

Қазақстанда жоғары білім алып жатқан түркиялық жастар мен Түркияда білімін жалғас­тыр­ған қазақстандық жастар екі ел арасындағы тарихи бай­л­а­нысымызды нығайта түсуде. Осы тұрғыда мемлекеттеріміз арасында жасалған «Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы» келісім ерекше ма­ңыз­ға ие. Өткен жылы күшіне енген бұл келісімнің арқасында университеттер арасындағы ынтымақтастық артқанын бі­ле­мін және бұл жағдай мені ай­рықша қуантады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­­ситеті Қазақстандағы же­тек­ші түркітану бөлімдерінің біріне ие.

Бұл бөлімнен түлеп шық­қан жастар бауырластық қа­рым-қатынасты нығайтуда және халықтарымыздың бір­лі­гін арт­­тыруда маңызды рөл ат­­қа­рады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті құрылған күнінен бастап үздіксіз даму жолында болып, бүгінде Шы­ғыс Еуропа мен Орталық Азия­дағы 200 университеттің ішін­де үздік 11-ші университет ре­тінде танылды. Бүгінде 25 мың­ға жуық студентімен бір­лескен тарихымыз, мә­де­ние­ті­міз және сеніміміз саласында зерттеу жүргізетін референттік орталықтардың біріне айналу­да. Түркі халықтары мен мем­ле­­кеттері ретінде жас­та­ры­мыз­ды ақыл мен білімнің шы­рағы ретінде тәрбиелеуге мін­деттіміз.

Жас­тарды түркі халықтары­ның және мемлекеттерінің бо­ла­шағының жарық жұлдызы деп білеміз. Осыған бай­ла­ныс­ты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сияқты бе­делді жоғары оқу орын­да­рын­да жүргізілетін ака­де­мия­лық зерттеулер мен құрметті оқытушыларымыздың идея­ла­рын ерекше бағалаймыз.

Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде Түркі академиясы мен Түркі мәдениеті және мұра қорының осы бағыттағы жұ­мыс­тарын қолдай беретінімізді ерекше атап өткім келеді.

Құрметті бауырларым, қа­дірлі қатысушылар!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарапынан маған құрметті профессор атағы берілуі мен үшін үлкен мәртебе. Түркі халқына қызмет етудің абыройына ие болған бауырларыңыз ретінде Әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің ректоры, про­фессор Жансейіт Түйме­баев мырзаға және универси­те­тіміздің құрметті академия­лық ұжымына тағы да ал­ғы­сымды білдіремін. Маған берілген бұл атақты Түркияға деген сүйіс­пеншіліктің көрінісі деп білемін. Ұлы ойшыл әл-Фараби ба­ба­мыз «Әуелі ақиқатты білу ке­рек, ақиқат танылса, қателік те танылады» деген.

Біз де ақыл мен білімнің жа­рығында, мың жыл бұрын ай­тылған ғұлама сөз бен ойдың не­гізінде бауырларымызбен бірге ақиқат жолында жүруді және шындық үшін еңбек етуді жалғастыратынымызды ерек­ше атап өтемін.

Баршаңызға құрмет пен іл­ти­патымды білдіремін.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ