
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 2025 жылдың 28 ақпанында Ұлы Отан соғысына 80 жыл және Бауыржан Момышұлының 115-жылдығына орай белгілі жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметовамен «Тарих. Тағзым. Тәуелсіздік» атты кездесу өткізілді. Бұл шарада тарихымызға шолу жасап, ерлік пен елдік туралы сыр шертіп, бабаларымыздың өшпес мұрасын еске алумен ерекшеленді. Ұрпаққа ұран болған Бауыржан Момышұлының өмірі өнеге, қалдырған мұрасы өсиет, ұрпаққа аманат. Кездесу барысында Зейнеп Ахметова жастарға үлгі боларлық өнегелі әңгімесімен, Батыр атамыз туралы қимас естеліктерімен тамсандырды. Адам ғұмыры бұлқынып аққан бұлақ іспетті. Айырмасы ағын судан із қалмас. Ал, адамнан кейінгіге ғибрат, өскелең ұрпаққа өнеге боларлық соқпақ, бедерлі із қалмақ. Өзінің қайтпас қайсарлығы мен батылдығының арқасында қазақтың мәңгі есінде қалған Бауыржан Момышұлындай батырының келіні, қоғам қайраткері, белгілі жазушы, ұлттық дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова жастардың көкейтесті сұрақтарына да жауап беріп, қазақ ұлтымыздың рухани тамырына оралу қажеттілігін атап өтті. Қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан көрнекті тұлғаның шығармалары халықтың рухани қазынасына айналып, саналы ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып келеді. Зейнеп Ахметованың әрбір сөзі – тарихымыздың аманаты, ұрпаққа үлгі, жүректерге шуақ шашты. Ол кісінің парасаттылығы, өмірден түйген даналығы біз үшін баға жетпес қазына!
Кездесуді ұйымдастыруға Тарих факультетінің деканы Д.С.Байгунаков, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Б.Б. Кәрібаев, кафедра оқытушы-профессорлар құрамы: Қозыбақова Ф.А., Нұрпейіс Т., Арынов Ж., Тасилова Н.А., Байдавлетова М.Д., Қошымова А.О. және Философия және саясаттану факультеті Дінтану кафедрасының докторанттары Нургалиев Б., Алимханова А. атсалысты.
Басқа жаңалықтар

