«Petrogames – 2025»: болашақ мұнайхимия көшбасшыларына арналған олимпиада

2025 жылдың 27-28 ақпанында физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасы және «ЛУКОЙЛ Лубрикантс Орталық Азия» компаниясы бірлесіп «Petrogames – 2025» олимпиадасын ұйымдастырды. Сайысқа Қазақстанның жетекші университеттерінен 39 студент қатысты: Қазақстан-Британ Техникалық Университеті (ҚБТУ), Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Satbayev University және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ).
Олимпиада болашақ мамандар үшін үлкен сынақ және мұнайхимия саласындағы білімдері мен дағдыларын көрсетуге тамаша мүмкіндік болды. Сайыс кезеңдері теориялық дайындықты және практикалық дағдыларды қажет ететін түрлі тапсырмаларды қамтыды.
Сайыс арасындағы үзілістерде қатысушылар физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының зертханаларын аралап, экскурсияға қатысты. Студенттер заманауи зертханалармен, ғылыми зерттеулермен және мұнайхимия саласындағы мансаптық өсу перспективаларымен танысты.
Олимпиаданың жүлде қоры қатысушыларды жоғары нәтижелерге ынталандырды. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды: 1 орын – 120 000 теңге, 2 орын – 80 000 теңге, 3 орын – 60 000 теңге, 4 орын – 40 000 теңге, 5 орын – 20 000 теңге.
«Petrogames – 2025» өзінің сайыс рөлінен бөлек, кәсіби байланыстарды нығайту, білім алмасу және мұнайхимия саласындағы жұмыс мүмкіндіктерімен танысу үшін маңызды алаң екенін көрсетті. Олимпиада студенттердің жоғары дайындық деңгейін және ғылым мен өндірістің маңызды салаларының бірі болып табылатын мұнайхимия саласында дамуға деген ұмтылысын дәлелдеді.
PhD, Доцент Құдайбергенов Н.Ж
Оқытушы Абдрасилова А.К.
Басқа жаңалықтар

