
Бүгін, 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар.
«Наурыз» сөзі «жаңа күн» дегенді білдіреді. Ертеде қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл сөздердің айырмашылығы жоқ деуге болады. Ал бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келіп отыр.
Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды. Адамдар бір-біріне түске дейін көрісіп шығуға тырысады. Түске дейін нағыз мейрам сезіледі. Ал кешігіп қалғандар болса, біртіндеп кешке дейін келе беруіне болады.
Біреуден қарыз алған болса, қарызын осы күнге дейін иесіне беріп тастауға тырысады. Көрісу күнінің рәсімі бойынша ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер болса, құшақтасып, беттерінен сүйіп көріседі. Тек келіндердің аталарымен және қайынағаларымен көрісулеріне болмайды деген ырым бар.
Бұл күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүру керек. Көрісуге келмеген адамға «Көрісіп шықпады» деп реніш білдіру орынды саналады.
Халқымыздың салт-дәстүрлерін дәріптеу мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінің картография және геоинформатика кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы 14 Наурыз – көрісу күнін атап өтті.
Береке мен бірліктің мейрамы Көрісу күні құтты болсын! Бір жастарыңызбен!
Басқа жаңалықтар

