Қазақ және жапон философиясының үндестігі: ашық дәріс пен семинар

Қазақ және жапон философиясының үндестігі: ашық дәріс пен семинар
Философия кафедрасының 2-курс студенттері, сондай-ақ Цукуба және Токио университеттерінің студенттері қатысқан «Қазақ және жапон философиясының үндестігі» атты ашық дәріс пен семинар жоғары деңгейде өтті. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының 17-ші Тұрақты даму мақсаты – «Тұрақты даму үшін жаһандық әріптестік» аясында ұйымдастырылды. Бұл мақсат халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, білім беру саласында серіктестік орнатуға және мәдениетаралық диалогты дамытуға бағытталған.
Қонақ ретінде Цукуба университетінің профессоры Такаши Ниномия шақырылып, философия мамандығының 1-курс докторанты Базарбай Жасмин Миятқызы студенттерге «Қазақ және жапон философиясының үндестігі» тақырыбында дәріс оқыды. Ол екі мәдениеттегі моральдық-этикалық қағидалардың, рухани құндылықтардың және философиялық көзқарастардың тарихи қалыптасуын жан-жақты талдады.
Іс-шараны деканның ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Өсербаев Елдос Нұрланұлы ұйымдастырып, қатысушыларға ой алмасудың маңыздылығын атап өтті. Ғылыми кеңесші, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғабитов Тұрсын Хафизұлы екі ел арасындағы мәдени-философиялық байланыстардың ғылыми зерттеулер үшін маңызын атап өтіп, студенттерге терең талдау жасаудың қажеттілігін ерекше атап көрсетті.
Семинар интерактивті форматта өтіп, студенттер белсенді қатысып, қазақ және жапон философиясының ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы пікір алмасты. Талқылау барысында ұлттық болмыс, рухани құндылықтар және қазіргі жаһандану жағдайындағы философиялық бағыттар бойынша маңызды мәселелер қозғалды.
Іс-шара аясында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Божбанбаев Бауыржанның ұйымдастыруымен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 1-курс магистранттары Амеркулова Ардақ пен Еркін Ерсін қазақтың дәстүрлі әндерін орындап, семинарға көркемдік және мәдени өрнек қосты.
Қатысушылар семинардың жоғары ғылыми деңгейде өткенін атап өтіп, осындай іс-шаралардың философиялық білім мен мәдениетаралық диалогты дамытудағы рөлінің зор екенін ерекше атап көрсетті.
Басқа жаңалықтар

