Кафедра профессоры Математиктер күніне арналған «Таңғы Studio» таңғы шоуында

14 наурыз – Математиктер күніне орай «Таңғы Studio» таңғы шоуының қонағы белгілі ғалымдар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қангужин Балтабек Есматұлы мен PhD-доктор Жұмабай Мәдібайұлы болды. Эфирде олар математиканың маңыздылығын, мерекенің тарихын, қазақ математиктерінің ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылады.
Профессор Балтабек Есматұлы математиканың ғылымдардың патшайымы саналатындығына тоқталды. Ол бір жағынан ғылыми білімнің шыңында тұрса, екінші жағынан басқа пәндердің дамуына негіз болатын көмекші ғылым екенін атап көрсетті. Ғалым шексіздік пен математикалық есептеулердің дәлдігін білдіретін π санының шығу тарихына да тоқталды.
Доктор Жұмабай Мәдібайұлы бұл күннің 1988 жылдан бастап «π саны күні» (π – иррационал сан, шамамен 3,14142... тең) ретінде тойлана бастағанын атап өтті. Ал 2019 жылдан бастап бұл күн математика мен оның өкілдерінің маңыздылығын көрсететін «Математиктер күні» мәртебесіне ие болды.
Әңгіме барысында ғылымның дамуында елеулі рөл атқарған қазақ математиктерінің тарихына ерекше назар аударылды. Олардың арасында:
• Сәлімгерей Жантөрин – математикалық білім беруге үлес қосқан Алаш қозғалысының өкілі;
• Әлімхан Ермеков – Қазақстан картасын жасауға қатысқан алғашқы қазақ математиктерінің бірі;
• Сәдуақас Боқаев пен Ақбергенов Ибайдолла – отандық математикалық мектептің дамуына үлес қосқан көрнекті ғалымдар.
Сұхбат соңында Балтабек Есматұлы адам бойында табылуы керек негізгі үш қасиетті атап өтіп, көрермендерге құнды кеңестер берді:
1. Күш-жігер – әлемді жақсы жаққа өзгертуге ұмтылу.
2. Шыдамдылық – өзгерте алмайтын нәрсеге шыдамдылық таныту.
3. Интеллект – нені өзгертіп, нені өзгертуге болмайтынын ажырата білу.
Бағдарлама жүргізушілері қонақтарға қызықты сұхбаты мен ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, денсаулық пен ғылыми еңбекте жаңа жетістіктер тіледі.
Иманбердиев Канжарбек,
Математика кафедрасының меңгерушісі
Мухамбеткалиев Мурат,
Математика кафедрасының оқытушысы
Басқа жаңалықтар


