Қытайдағы академиялық ұтқырлық: жаңа білім мен ерекше тәжірибе

Мен, Болатбек Жанерке, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің 3-курс студенті ретінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қытайдың Ланьчжоу қаласына бір жылға оқуға келдім. Бұл мен үшін тек жаңа елде білім алу ғана емес, сонымен қатар мәдениетті тереңірек тану, жаңа ортаға бейімделу және өзімді жаңа қырынан сынап көру мүмкіндігі болды.
Менің басты мақсатым – қытай тілін меңгеру. Оқу бағдарламасы өте қызықты әрі тиімді құрылымдалған. Сабақ барысында тәжірибелі оқытушылармен жұмыс істеп, қытай тілінің грамматикасы мен сөздік қорын жетілдіруге мүмкіндік алдым. Сонымен қатар, күнделікті қарым-қатынас пен практикалық тапсырмалар тіл үйрену процесін тездетті. Университет ұйымдастырған түрлі тілдік ортаға бейімделу курстары мен қосымша сабақтар да көп көмегін тигізді. Біліммен қатар, Ланьчжоу университеті мәдени іс-шараларға белсенді қатысуға мүмкіндік берді. Мен дәстүрлі қытай өнері, каллиграфия, гохуа салу сияқты қызықты шараларға қатыстым. Бұл тек мәдениетпен танысу ғана емес, сонымен қатар жергілікті студенттермен достық қарым-қатынас орнатуға септігін тигізді. Олармен сөйлесу арқылы мен тілдік дағдыларымды жақсарттым және Қытай халқының тұрмыс-тіршілігін тереңірек түсіндім.
Бос уақытымда басқа қалаларға саяхаттауға тырыстым. Чэнду, Дуцзяньюань сияқты тарихи және заманауи қалаларды аралап, Қытайдың бай тарихы мен мәдениетімен жақынырақ таныстым. Әрбір қала өз ерекшелігімен есте қалды: Чэндудың алып пандалары, Дуцзяньюаньнің ежелгі ирригациялық жүйесі – мұның барлығы менің Қытай туралы түсінігімді кеңейтті. Саяхаттау тек танымдық қана емес, сонымен қатар менің тілдік қабілеттерімді жетілдірудің бір жолы болды, өйткені әртүрлі диалектілерді естіп, жергілікті тұрғындармен сөйлесу тәжірибемді арттырдым.
Қытайда өткен осы уақытым маған үлкен өмірлік және академиялық тәжірибе берді. Мен тек қытай тілін үйреніп қана қоймай, сонымен қатар жаңа достар тауып, жаңа мәдениеттің бір бөлігіне айналдым. Бұл академиялық ұтқырлық бағдарламасы менің білімімді толықтырып қана қоймай, болашаққа деген көзқарасымды кеңейтті. Ланьчжоудағы оқуым менің күткенімнен де жоғары деңгейде өтіп жатыр, және бұл сапарым менің өмірімдегі ең маңызды әрі ұмытылмас кезеңдердің бірі деп сеніммен айта аламын.
Басқа жаңалықтар

