"NeoCarbon" компаниясындағы экологиялық бастамаFarabi University

"NeoCarbon" компаниясындағы экологиялық бастама

19 наурыз, 2025

2025 жылғы 14 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультетінің аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының 4-курс студенттері мен оқытушылары өндірістік тәжірибе аясында Бақанас ауылындағы "NeoCarbon" компаниясына барды. Сапардың басты мақсаты – агроөнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеудің озық технологияларымен, атап айтқанда күріш қауызының көміртек-кремний композитіне айналу үдерісімен танысу болды. Бұл материал энергетика мен экология саласында кеңінен қолданылады.

Зауыттың өндірістік цехтарымен танысу барысында студенттер технологиялық процестерді өз көздерімен көріп, инженерлер мен мамандарға сұрақтар қойып, алынған материалдардың қолдану мүмкіндіктері туралы пікір алмасты. Мұндай сапарлар студенттердің кәсіби дайындығын тереңдетіп қана қоймай, оларда тұрақты даму қағидаттарын түсіну мен инновациялық шешімдерге ұмтылуды қалыптастырады.

Сапар барысында студенттер экологиялық сенбілікке қатысып, зауыт аумағын тазалап, қоқыстарды жинап, сұрыптап, қайта өңдеуге жіберді. Бұл бастама жастар мен бизнес өкілдері арасында экологиялық мәдениетті нығайтуды, сондай-ақ БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаты (ТДМ) №15 – "Құрлықтағы экожүйелерді сақтау" мақсатына қол жеткізуді көздейді.